Павлодарлық бишілер танымал хореографтардың назарына ілікті

Павлодарлық бишілер танымал хореографтардың назарына ілікті
Фото: облыстық білім басқармасы

Олар халықаралық би байқауының жүлдегерлері атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Жігер» балалар-жасөспірімдер клубының «Айналайын» би ұжымы Астанада өткен екі күндік XXXVI халықаралық көп жанрлы «UniStar Astana» байқау-фестиваліне 95 шығармашылық ұжым, Қазақстанның барлық өңірлерінен 500-ден астам қатысушының арасында бақ сынасты. Мақсаты – Қазақстан мен Испания Корольдігі арасындағы мәдени байланыстарды, түрлі қалалардың балалары, шығармашылық ұжымдар арасындағы шығармашылық және мәдени байланыстарды дамыту, шығармашылық әлеуетті іске асыруда дарынды жастарды қолдау. Байқауды «UniStar Astana» ұйымдастыру комитеті Испанияның Fiestalonia Milenio фестиваль комитетімен бірлесіп өткізді.

Байқаудың қазылар алқасы құрамында өнер, халықаралық байқаулар, театр, филармония, хореография саласындағы танымал сарапшылар болды.

Павлодарлық «Айналайын» ұжымы байқауда екі нөмір ұсынды. Екі конкурстық күннің қорытындысы бойынша 11 жастағы Айзере Ерсайынова мен Айзере Балғабайдың би дуэті «Мұз бен жалын» қойылымымен екінші орынды иеленді.  Ал  9 жастағы  Айлин Егінбаева мен Самира Холова дуэті «Turning» биін орындап, байқаудың үшінші жүлделі орнын иеленді. Олар дипломдармен, байқау медальдарымен марапатталды.

– Мұндай жетістіктер ұжым үшін маңызды, өйткені халықаралық конкурстарға қатысу балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға көмектеседі, халықтар арасындағы мәдени байланыстар мен достықты нығайтуға ықпал етеді, – деді «Айналайын» би ұжымының жетекшісі Зарина Сагиева  

Бұл байқау қтысушыларды жаңа шығармашылық жетістіктерге шабыттандырып, ұжымды одан әрі дамытудағы маңызды қадам болды.