Павлодарда «Ертіс толқыны» жобасы жастардың өнері мен жаңа идеяларын паш етті

Павлодарда «Ертіс толқыны» жобасы жастардың өнері мен жаңа идеяларын паш етті
Фото: автор

Жаз бойы өткен шаралар қоғамдағы өзекті мәселелерге назар аудартты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шараның негізгі мақсаты – жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау және қала мен аудан жастарының өнерін көрсетуге мүмкіндік беру.

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Жамал Ахметжанованың айтуынша, жоба маусым айының басында басталған. Әр қала мен аудан аптасына үш күн қатарынан өз бағдарламаларын ұсынды.

– Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналды: бірінші күні музыка кештері, келесі күндері спорттық жарыстар, салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша тренингтер өтті. Жастар ерекше белсенділік танытты, – деді ол.

Сондай-ақ, Екібастұз қаласы ерекше бағдарламасын алып келді. Жоба аясында тоғыз нысан ұсынылды.

– Олардың бірі «Киноман» жобасы Екібастұзда жаңадан салынған футбол алаңдарында балаларға фильмдер көрсетсе, екіншісі «EKB Music Skills» жаз бойы «Maximall» сауда үйінің алаңында концерттер ұйымдастырды. Сонымен қатар, эко-ойындар, PlayStation, ашық микрофон алаңы, жасанды интеллект бойынша түсіндіру жұмыстары сияқты жаңа форматтағы жобалар ұсынылды, – деді Екібастұз қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Жантелеев.

Жобаға қатысқан жастардың арасында өз идеяларын ұсынған оқушылар да болды. Соның бірі – Екібастұз қаласындағы №18 мектептің 9-сынып оқушысы Даниял Нұрымжан. Ол білім беру саласында IT жобаларымен айналысып жүргенін айтты.

– Біз «Мектеп карта» платформасын жасадық. Бұл жүйе мектептегі көптеген процестерді автоматтандыруға бағытталған. Баланың мектепке келуі, кітапхана қызметі, асхананың ақысын төлеу – бәрі бір жүйеге енгізілген. Қазір ол 10 мектепте қолданыста. Сондай-ақ, біз жасанды интеллект арқылы кәсіби бағдар беру жобасын ұсындық. Оқушылар арнайы тест тапсырып, өз қабілетіне қарай мамандығын анықтай алады, – дейді ол.

Даниялдың айтуынша, Екібастұзда жастар үшін көптеген мүмкіндіктер бар. Қалада «Eкібастұз IT Hub» орталығы ашылып, түрлі тренингтер мен хакатондар ұйымдастырылып жүр.

Жоба қорытындысы бойынша «Көрермендер көзайымы» номинациясы Ертіс, Шарбақты, Железин және Аққулы аудандарына берілді. «Ұлттық құндылықтарды насихаттау» – Ақтоғай мен Май аудандарына, «Туған жерді дәріптеу» – Успен, Павлодар және Тереңкөл аудандарына табысталды. «Шығармашылық жаңашылдық» атағы Екібастұз бен Ақсу қалаларына бұйырса, «Белсенді ұстаным» номинациясын Жастар бастамаларын дамыту орталығы, ал «Қоғамдық келісім» КМҚК мен С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхана иеленді.

«Ертіс толқыны» жобасы жастардың шығармашылығы мен белсенділігін танытқан ерекше алаңға айналды. Музыка мен спорт, өнер мен инновация, ұлттық құндылықтар мен заманауи трендтер тоғысқан бұл жоба алдағы уақытта да облыс жастарын біріктіріп, жаңа бастамаларға жол ашпақ.