Аққулыда жаппай көкпардың «Өгіз өлді» салымына жылқы аталды

Сонымен қоса төрт қой тігілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Рамазан айының алғашқы күнінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Ынтымақ», «Бірлік», «Достық» атты аудандық көкпар өтті. Ойынды аудан әкімдігінің қолдауымен мәдениет үйі және ауыл азаматтары ұйымдастырды.
– Жарысқа 60-тан аса шабандоз қатысты. Жалпы 25 салым болып, соның тоғызы салымы салынды. Соңынан көкпаршыларға ауызашар асы берілді, – деді мәдениет үйінің директоры Самат Момынжанов.
Оның айтуынша, көкпардың беташар салымына бір қой аталып, соңғы «Өгіз өлді» салымына бір жылқы тігілді. Одан бөлек қаржылай ақша берілді.
Көкпардың негізгі мақсаты – балаларды, жастарды ұлттық ойын арқылы татулыққа, адамгершілікке баулу. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарға қызығушылықты дәріптеу болып табылады.
– Мұндай шаралар қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттап, туған елге, жерге, өз Отанына деген сүйіспеншілік сезімдерін арттырады, – дейді ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, салымдардың толық ойнатылмай қалғанына байланысты айттың бірінші күні екінші рет көкпар өтеді.
在 Instagram 查看这篇帖子