Павлодарда қолөнершілер төрт метрлік кимешек тігуде

Бұл бас киім Гиннесс рекордтар кітабына енуі мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы төрт алып кимешекті «WORLD BOOK OF RECORDS» әлем рекордтар кітабына енгізуге ниетті.
– «Алып кимешек» жобасы кимешек ерекшеліктерін зерттеп, көнергенімізді жаңғыртып, тігіп, өндеп алып шығуға бағытталған, – дейді жобаның авторы Гүлайым Әкімбаева.
Шебердің айтуынша, кимешек «Қазақтың дәстүрлі киім-кешегі» ғылыми каталогындағы 1950 жылғы үлгісі бойынша тігілген.
Кимешек «Қошқар мүйіз», «Сыңар мүйіз», «Гүл», «Жапырақ» өрнектері түрлі-түсті жіптермен кестеленген. Ұзындығы (суағарымен арқа жағының ұзындығы) 3.80 сантиметр. Алдыңғы бөлігі – өңірі тұтас пішілген, артқы жағы екі бөліктен тұрады. «Құйрықшасы» дөңгеленген. Төбесі бүрмеленіп, жиналып құралған. Ойықтың жиегі «алқым шалу» әдісі күйінше өңді жіппен шалып тігілген.
– Ойықтың екі жағы түрлі түсті (сары, ақ, ақшыл жасыл, қызыл) жіптермен екі жолақ болып кестеленген. Жолақтардың арасына ұсақ әшекей мен моншақ қадалған, – дейді шебер.
Кимешектің кеудедегі бөлігінің ұшына күміс және металл дөңгелек әшекейлер, моншақтар тағылады. Ол кимешекке сән береді, әрі төмен қарай басып, жазылып тұруына әсер етеді. Жиегі айналдыра тігін машинасымен қызыл жіппен, «Сыңар мүйіз» өрнегі салынып, сырылған.
Айта кетейік, қала тұрғындары мен қонақтары 17 маусымда орталық жағалауда 500 жүз ақ кимешек киген әженің «Алып кимешек» жобасына қатысып, рекордтар кітабына енген сәтке куә болады.