Павлодарлық футбол маманы ұлттық құраманың тізгінін қолға алды

Ол команданы әлем чемпионатының іріктеу матчтарына баптайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар футбол мектебінің түлегі Талғат Байсуфинов Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы болып тағайындалды. Футболдан Қазақстан федерациясының баспасөз қызметі хабарлағандай, белгілі маман ұлттық құраманы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында өтетін Лихтенштейн және Солтүстік Македониямен болатын ойындарда дайындайды.
«Байсуфинов бұған дейін 2016-2017 және 2020-2022 жылдары ұлттық құраманы екі мәрте басқарған болатын. Ал қазіргі таңда Қазақстан жастар құрамасы (U21) бапкерлерінің ұстазы (менторы) қызметін атқарады. ҚФФ Талғат Маруаұлының тәжірибесіне сенім артып, алдағы ойындарда сәттілік тілейді. Сонымен қатар, ҚФФ ұлттық құраманың жаңа бас бапкерін қызметіне үміткерлермен келіссөзді жүргізіп жатыр. Тізімде үш шетелдік маман бар», - делінген ресми хабарламада.
Оған дейін Талғат Байсуфинов жезқазғандық «Ұлытаудың» басқармасында әртүрлі лауазымды атқарған. Бапкер павлодарлық «Ертіс» тізгінін ұстаған кезде команда 2010 және 2012 жылдары, сәйкесінше, қола және күміс жүлделердің иесі атанды.
2020 жылдың 9 наурызы мен 2022 жылдың сәуір айлары аралығында павлодарлық жаттықтырушы басқарған ұлттық құрама он ойын өткізіп, солардың біреуінде жеңіске жетіп, үшеуінде тең түскен.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 10 қазанда Астанада Лихтенштейнді қабылдаса, 13 қазанда Солтүстік Македонияға аттанады. Бас команда әлем чемпионаты іріктеу турнирінің УЕФА аймағында «J» тобында бес команда ішінде төртінші орында келеді. Құрама еншісінде небары үш ұпай.