«Екібастұз» астаналық футболшыларды қапыда қалдырды
Виталий Спарышевтің шәкірттері Бірінші лиганың 27-турының матчын сырт алаңда өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кеншілер астаналық «SD Family» командасымен кездесті. Матч басында жеке меншік клуб ойыншылары қонақтармен тең дәрежеде ойнауға тырысса, бірінші таймның ортасына қарай екібастұздықтар жасыл алаңда тізгінді толығымен қолға алды. Тамерлан Ағыманов әдеттегідей белсенді болды, оның шабуылдағы әрекеттері достарына гол соғуға жағдай жасады. Оның өзі де кем дегенде үш гол соғуға мүмкіндік алды, бірақ «Ертіс» ФО тәрбиеленушісінің жолы болмады.
Бірінші болып есепті тәжірибелі Аслан Сүлейменов ашты, ол астаналықтардың қақпашысының қателігін пайдаланып, допты торда тулатты. Содан кейін Әлхам Нұрланның уақыты келді: алдымен ол Илья Луневтің пасын кәдеге жаратса, кейінірек Тамерлан Ағымановтың соққысынан кейін допты қақпаға қайта бағыттап есепті еселеді. Нәтижесінде 3:0 – «Екібастұздың» ірі жеңісі.
Бірінші лигадағы ел чемпионаты аяқталғанға дейін Виталий Спарышев командасы үш матч өткізуі тиіс, ұжым алтыншы орында, қоржында 45 ұпай бар. Бірінші орында 54 ұпаймен Жезқазғанның «Ұлытауы» келеді.