Павлодарлық футболшы «Үздік ойыншы» атағына ие болды
Ол - «Ертістің» ең тәжірибелі ойыншысы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан футбол лигасының мәліметінше, Qazaqstan Football League 2024 жылдың маусым айындағы QFL Екінші лигасының үздік ойыншысы мен бапкері анықталды. «Үздік ойыншы» номинациясы турнир қатысушыларының капитандары мен бапкерлерінің дауыс беруі арқылы анықталды. Ал бас бапкерлер өзара «Үздік бапкер» номинациясы иегерін анықтады.
«Солтүстік-Шығыс» конференциясында маусым айындағы үздік футболшы атағына «Ertis» командасының шабуылшысы Руслан Есімов иелік етті. 34 жастағы ойыншы екі матчта доп теуіп, бір гол соқты. Қазіргі таңда сұрмергендер тізімінде 4-орында тұр.
Ал «Үздік бапкер» атағын «Шахтер Ж» командасын дайындап жүрген Максим Самченко алды. Қарағандылықтар қазір 32 ұпаймен турнир кестесінде бірінші орында тұр.
«Оңтүстік-Батыс» конференциясында маусым айының «Үздік футболшысы» ретінде тағы да AKAS клубының шабуылшысы Сергей Гридин танылды. Ол команданың екі ойынына қатысып, екі мәрте қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Турнирдің үздік сұрмергені бұған дейін сәуір мен мамыр айында да номинацияны жеңіп алған болатын. Ал сұрмергеннің баспкері Анатолий Зазуля «Үздік бапкер» атағына ілікті. Клуб екі кездесуде де сенімді жеңіске жетіп, 34 ұпаймен турнир кестесінде топ бастап тұр.