«Ақсу» бір топ ойыншыларымен қоштасты

«Ақсу» бір топ ойыншыларымен қоштасты

Олардың біреуі команда үшін небары үш матч өткізген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Клубтың Instagram желісіндегі ресми парақшасында командадан Артур Мурза, Александр Гутор мен Қайрат Жырғалбекұлының командадан кеткені туралы ақпарат жарияланды. Клуб ойыншыларға алғыс айтып, алдағы уақытта жетістіктерге жетулеріне тілек айтты.

Қырғызстаннан келген қорғаушы Қайрат Жырғалбекұлы командаға 2022 жылы келіп қосылған еді. Қырғыз жалпы саны 44 матч өткізіп, екі ассист жасады.

Украиналық жартылай қорғаушы Артур Мурза командада қыста пайда болып, Түркияда өткен оқу-жаттығу жиынында өзін жақсы жағынан көрсете білді. Алайда маусым басталысымен украиналық футболшы көзге көріне қоймады. «Ақсу» үшін соңғы матчын Артур Мурза 20 мамырда «Шахтерге» қарсы өткізді.

Белорус қақпашысы Александр Гутор болса, тіпті «Ақсу» үшін үш-ақ ойын өткізді. Беларусь құрамасының бұрынғы голкипері Премьер-лигада өткізген матчтарында алты гол өткізді. Соңғы рет «Ақсу» жейдесін 16 сәуірде «Қызылжарға» қарсы кездесуде киді.

Шымкенттегі жеңілістен соң команда бас бапкері Вахит Масудов құрамды күшейту керектігі туралы мәлімдеді. Маусым барысында командадан Рамазан Оразов пен Ислам Жилов кетсе, команда капитаны Руслан Есімов мансабын аяқтады.

14 турдан кейін «Ақсу» жеті ұпаймен турнир кестесінің соңғы орнында келеді. Келесі кездесуді команда 22 шілдеде «Жетісуға» қарсы өткізеді. Матч Талдықорғанда өтеді.

Фото: Валерий Бугаев