Аңызға айналған павлодарлық футболшылар бірікті
«Ертістің» бұрынғы ойыншылары облыс әкімі Асайын Байхановқа алғыстарын жаудыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, «Ертіс» футбол клубының басшылығы мен облыстық футбол федерациясы Павлодар облысы футбол ардагерлерінің кездесуін ұйымдастырды. Ертіс бойы аяқдобының туын көтерген Ойрат Сәдуов, Владимир Линчевский, Ағзам Хисамутдинов, Владимир Буш, Виталий Спарышев, Владимир Просеков, Юрий Ишутин және басқа да ардагерлерге Қазақстан футболының 110 жылдығы және Қазақстан футбол федерациясының 30 жылдығына арналған естелік медальдар табыс етілді.
Кездесуде даңқты спортшылар «Ертістің» қайта жаңғырғанына қуаныштарымен бөлісіп, осыған қатысы бар адамдарға алғыс айтып жатты.
- «Ертістің» қайта жаңғырғанын көру – зор бақыт. Осы үшін біз облыс әкімі Асайын Байхановқа, облыстық футбол федерациясына рахмет айтамыз. Бұл футболшылардың ғана емес, облысқа ортақ қуаныш, - деді «Ертіс» пен Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы Юрий Ишутин.
Клуб директоры Ермек Ермекбай облыс басшылығы қойған міндеттерді, жанкүйерлер сенімін ақтау үшін барын салатынын айтты.
- Жұмысыма зор жауапкершілікпен кірістім. Облыс басшылығы, футбол ардагерлері мен жанкүйерлер сенімін ақтау үшін бар күшімді саламын. Бұл жауапкершілікті түсінемін және маусым соңында жұмыстарымызбен мақтана алатындай жағдайда болатынымызға сенімдімін, - деді ол.
Футбол ардагерлері облыс әкімі жариялаған жергілікті ойыншыларға иек арту қажеттілігі туралы бағытты толықтай қолдайтынын айтты. Сонымен бірге, ардагерлер облыс жұртшылығын «Ертісті» қолдауға шақырды. Кездесу соңында жасыл алаңда Павлодар облысының намысын қорғаған даңқты футболшылардан құралған ардагерлер кеңесі құрылады деген шешім қабылданды.
Фото: «Ертіс» ФК