Павлодарлық оқушылар тоннадан астам пластикалық қақпақ жинады

Павлодарлық оқушылар тоннадан астам пластикалық қақпақ жинады

Қайта өңдеуден түскен қаражат емделуге шұғыл материалдық көмекке мұқтаж балаларға аударады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында облыстық «ЭКО boom» және «Алтын балалық шақ» жобасы аясында «Жақсылық жаса» пластикалық қақпақтарын жинау акциясы өтті. Жыл бойы Павлодар облысының оқушылары пластикалық қақпақтарды жинады.

–  Оқушылар қақпақтарды қыркүйек айынан жинап бастады. Биыл біз 1 тонна 279 килограмм қақпақ жинадық. Қайта өңдеу кәсіпорны қаражатты «Ашық жүректер» қайырымдылық қорына, емделуге шұғыл материалдық көмекке мұқтаж балаларға аударады,– деп атап өтті Оқушылар сарайының әдіскері Әйгерім Оразбаева.

Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениет деңгейін арттыру, мұқтаж жандарға көмек көрсету арқылы оқушылардың мейірімділіктерін арттыру.

Айта кетсек, өткен оқу жылында аталған акция нәтижесінде 3464 килограмм пластикалық қақпақ қайта өңдеуге тапсырылып, екі ауыр науқас балаға 205 165 теңге сомасы аударылып, қайырымдылық көмек көрсетілді.

2023 жылы акцияға тек мектептер ғана емес, Павлодар қаласының №37 бөбекжай-бақшасы, Кенжекөл ауылының отбасылық үлгідегі балалар ауылы, «Строй-проект ЖСҚ» ЖШС және өңіріміздің басқа да көптеген қамқор адамдары қатысты.