Павлодарлық орманшылар еліктің лағын құтқарды

Павлодарлық орманшылар еліктің лағын құтқарды
Фото: Аждар Жүсіпов

Жануар Шарбақты ауданы Галкин ауылының маңындағы жол бойынан табылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіповтің айтуынша, еліктің лағын шарбақтылық отбасы тауып алған.

- Олар жануарды қауіпсіз жерге алып шығып, 109 қызметіне хабарласқан. Шұғыл желі мамандары ақпаратты Павлодар орман шаруашылығының мамандарына жеткізген. Орманшылар еліктің лағын алып кетіп, әзірге арнайы күтімге орналастырды, - дейді Аждар Жүсіпов.

Лақты тауып алған отбасының кішкентай қызы Адель оған Томи деген есім берді.

Павлодарлық орманшылар осы жылдың ақпанында ересек елікті құтқарып қалған. Тұяқтының артқы аяқтары жараланған болып шықты. 

Жалпы, 109 қызметіне жараланған жануарлар мен құстар туралы түсетін өтініштер аз емес. Мәселен, павлодарлықтар көлік моторына түсіп кеткен  жылан және бөлмеге кіріп кеткен жарқанат туралы да хабар берген.