Павлодарлық полицейлер өртенген үйден ер адамды шығарды
Жану заттарымен уланған тұрғын ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 4 қарашада Кривенко көшесіндегі жеке тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті.
– Жалпы ауданы 15 шаршы метрді құраған ағаш қаптамасы мен шатыры өртенді. Өрт орнында өрт сөндіру қызметінің 11 қызметкері, 3 техника және апаттар медицина орталығының бригадасы жұмыс істеді. Қызметкерлердің жедел жұмысының арқасында 09:50-де өрт толықтай сөндірілді. Өрт себебі анықталуда,– деді департаментте.
Өрт сөндірушілер келгенге дейін полиция қызметкерлері 54 жастағы үй иесін құтқарды. Павлодар қаласының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері учаскені патрульдеу кезінде үйдің өртеніп жатқаны туралы шақыру алды. Дереу полиция аға лейтенанты Ерлан Бижанов пен полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Каушев оқиға орнына барды.
– Үйге келе жатып, алдыңғы есіктен түтіннің өткір иісін сездім. Есікті ешкім ашпады. Терезені сындырып,үйден есеңгіреп қалған ер адам табылды. Жәбірленуші біреудің есік қаққанын естігенін, одан басқа ештеңе есінде жоқ екенін түсіндірді,–деді қызмет инспекторы Нұрсұлтан Каушев.
Тәртіп сақшылары ер адамды бірден таза ауаға шығарды. Медицина қызметкерлері тұрғынды зембілмен ауруханаға жатқызу үшін жедел жәрдем көлігіне жеткізді.