Павлодарда қаржы пирамидасы әшкереленді

Ұйымдастырушылар салымшылардың ақшасына пәтер сатып алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2024 жылдың наурыз бен қыркүйек айлары аралығында күдіктілер «TAKORP» қаржы пирамидасын басқарғаны анықталды. Бұл құрылым АҚШ-тағы жарнамалық қосымшалар платформасы ретінде қызмет еткен.
– Қатысушыларды тіркеу үшін электрондық криптобиржа «ОКХ» арқылы криптовалюта сатып алу ұсынылған. Негізгі шарттардың бірі – кемінде 5 жаңа салымшы тарту. Бұл талап орындалған жағдайда, құнды сыйлық ұтып алу мүмкіндігіне кепілдік берілген. 50-ден астам азамат осы уәделерге сеніп, 30-дан 500 АҚШ долларына дейін қаражат құйып, өз деңгейіне қарай 2 мың АҚШ долларына дейін бонус алуға үміттенген. Қылмыстық кірістің жалпы сомасы 50 миллион теңгеден асты, – делінген хабарламада.
Күдіктілер салымшылардың қаражатына Павлодар қаласынан 10 миллион теңгеге пәтер сатып алып, банктерде 8 миллион теңге сомасына 4 депозит ашқан. Сот санкциясымен жылжымайтын мүлік пен қаржы активтеріне тыйым салынды. Күдіктілерге қатысты «үйқамақ» және «елден кетпеу туралы қолхат» түріндегі шаралар қолданылды.
Айта кетейік, Агенттік қаржы пирамидасының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-ботын іске қосқан.
Егер сіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасының әрекетіне тап болсаңыз, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінуіңізге болады.
Call-center: 1458.