Павлодарлықтарға ескерту: шетелден әкелінетін тауарларға қандай шектеулер бар?

Павлодарлықтарға ескерту: шетелден әкелінетін тауарларға қандай шектеулер бар?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кедендік төлемсіз жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелудің белгіленген нормалары бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Тілектес Тусетаевтың айтуынша, жүктің жеке пайдалануға арналған тауар санатына жататынын кеден қызметкерлері бірнеше критерий бойынша анықтайды. Оның ішінде азаматтың шекарадан қаншалықты жиі өтетіні мен алып келе жатқан тауардың көлемі ескеріледі.

Автокөлікпен, теміржол көлігімен немесе жаяу өткен кезде кедендік бажсыз әкелуге рұқсат етілетін жүктің салмағы 25 келіге дейін, ал жалпы құны 500 еуродан аспауы тиіс.

Әуе көлігімен келген жолаушылар үшін бұл норма кеңірек: жүктің салмағы 50 келіге дейін, ал құны 10 мың еуроға дейін болуы мүмкін.

Пошта арқылы да кедендік төлемсіз сәлемдеме жіберуге болады. Бір ай ішінде бір алушының атына құны 500 еуроға дейін, жалпы салмағы 31 келіге дейінгі сәлемдеме жіберуге рұқсат етіледі.

Егер белгіленген нормалардан асып кетсе, кедендік төлем төленеді. Мысалы, жүктің құны 600 еуро болса, белгіленген шектен 100 еуроға артық. Бұл жағдайда 30 пайыздық баж салығы 30 еуроны құрайды. Ал жүктің салмағы 35 келі болса, яғни 10 келіге артық болса, кедендік төлем 40 еуро болады.

– Белгіленген нормадан асқан жағдайда тауар құнының 30 пайызы мөлшерінде, бірақ артық салмақтың әрбір келісі үшін кемінде төрт еуро көлемінде бірыңғай кедендік төлем алынады. Төлем жолаушылар декларациясы тіркелген күнгі Ұлттық банктің бағамы бойынша теңгемен жүргізіледі, – деді Тілектес Тусетаев.

Сондай-ақ арнайы шектеулер де бар. Бір адам 200 темекіден немесе 50 сигарадан, не 200 темекі стигінен артық алып өте алмайды. Ал алкогольдік өнімдерді үш литрден артық әкелуге немесе әкетуге болмайды.

Шетел валютасына қатысты да талаптар сақталады. Қазақстаннан 10 мың АҚШ долларынан артық қолма-қол шетел валютасын алып шығуға тыйым салынған. Сонымен қатар ел аумағынан алтын құймаларды, сондай-ақ «ALTYN BARYS» және «KÚMIS BARYS» инвестициялық монеталарын алып шығуға рұқсат етілмейді.