Павлодар облысында көшбасшы ұрпақты тәрбиелейтін жас саясаткерлер клубы құрылды
Сарапшылар мен депутаттар көтерген алғашқы мәселелердің бірі – жаз кезінде оқушыларды жұмыспен қамту болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Достық үйінде» облыстық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің, еріктілер, бизнес-қоғамдастықтың өкілдерімен жас саясаткерлер клубының алғашқы жиыны өткізілді. Клубтың құрылуымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депуаты Вера Ким құттықтады.
– Алғаш рет Павлодар облысында жас саясаткерлер клубы ашылды. Бірнеше жыл жұмыс істеп келе жатқан Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының тәжірибесі бойынша құрылған өңірлік клубтың міндеттері мен бастамалары мықты болады деп сенемін, – деді Вера Ким. – Павлодар облысы – елдегі жаңашылдықты тізгіндеп, бастамаларды әрдайым таратып, бірінші болып іске асыратын өңірлердің бірі. Болашақта клуб төңірегінде маңызды әлеуметтік мәселелерді көтеріп қана қоймай, оларды шешуге қадамдар жасалса екен деймін.
Облыстық мәслихат және жас саясаткерлер клубының төрағасы Илья Теренченко Президенттің Құрылтайда болашақ ұрпақ туралы айтқан сөздерін келтіріп, клубтың мақсаты мен міндеттерін айқындады.
– Қазіргі қоғам жастардың белсенді қатысуын қажет етеді. Сондықтан да клуб азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға көмектеседі. Жас саясаткерлер клубы арқылы әлеуметтік маңызы бар сұрақтар көтеріледі. Ал сарапшылар өзінің тәжірибесін жастарға береді. Бүгінде жиырмаға жуық ұйым серіктес болуға ниет білдірді,– деді Илья Теренченко.
Облыстағы әр аудан мен қалаға клуб төрағасының орынбасарлары бекітілді. Железин мен Тереңкөл аудандарына бекітілген Евгений Мироновтың сөзінше, әр депутат пен клуб мүшесі жазғы уақытта оқушыларды жұмысқа орналастыруға жаңа жұмыс орындарын ашу үшін кәсіпкерлермен келісетін болады.
– Өз басым 14 жасымнан бері еңбек етіп жүрмін. Алғашқыда қара жұмыстан бастадым. Барлығы тер төккен еңбекпен келеді. Сондықтан да жастарды еңбекке бағыттап, оларды жұмыспен қамтитын боламыз, – деді Евгений Миронов. – Мысалы, Железин ауданында 15 мың жастың арасында ең белсенді деген жас балалардың саны – екі мыңға тақау.
Айта кетейік, бұл бастаманы алғашқы болып трамвай басқармасы қолдап, жаз кезеңінде оқушыларды жұмысқа орналастыруға уәде етті.
Фото: Айбек Жұматов