Тереңкөл ауданында өрт сөндірушілерге арналған оқу-жаттығулар ұйымдастырылды

Тереңкөл ауданында өрт сөндірушілерге арналған оқу-жаттығулар ұйымдастырылды
Фото: Константин Шелков

Аймақтағы тұрғындардың қауіпсіздігі тікелей өртке қарсы қызмет мамандарының дайындығы мен тәжірибесіне байланысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Тереңкөл ауданының жергілікті атқарушы органдарына қарасты өрт сөндіру пункттері мамандарына арналған оқу-жаттығу іс-шараларын өткізді. Жаттығудың негізгі мақсаты – әртүрлі топтар арасындағы үйлесімділікті арттыру және өртпен күрес тәсілдерін жетілдіру.

Оқу-жаттығулар Тереңкөл ауданының ТЖ бөлімінің №8 өрт сөндіру бөлімшесінің базасында өтті. Іс-шара барысында қатысушылар шартты оқиға орнынан жедел деректер беру, күш пен құралдарды жұмылдыру тәртібі, сондай-ақ өртті сөндіру кезіндегі тактикалық әрекеттерді пысықтады.

Жаттығуға Байқоныс, Жаңабет, Песчаное, Алтай, Қоржынкөл, Томарлы және Октябрьское ауылдарының жеті ауылдық өрт сөндіру пункттерінің мамандары қатысты. Оқу үдерісі шынайы төтенше жағдайға барынша ұқсас жағдайда ұйымдастырылды.

Мұндай жаттығулар жеке құрамға әрекет ретін пысықтауға, ал нақты жағдайда кез келген оқиғаға жедел, үйлесімді және тиімді жауап беруге мүмкіндік береді.