Құтқарушылар жазда павлодарлық балаларға не үйретті?

Он мыңнан астам бала жүзу дағдыларын меңгерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Дәстүр бойынша, шомылу маусымы басталмай тұрып, облыстық төтенше жағдайлар департаменті адамдардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жоспар әзірлейді. Соның ішінде орталық жағалауда ашық аспан астындағы «Бақытты балалық шақ» қауіпсіздік мектебі де бар.
– Жаз бойы балалар мен ересектер судағы қауіпсіздік ережелерін үйреніп, жүзу мен дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетуді меңгерді, – деді облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қыдыржан Наскенов.
Бұдан бөлек, облыстық білім басқармасы мектеп жанындағы жазғы лагерьлер үшін 123 каркас-модульді бассейн сатып алды. Соның арқасында 13 900 бала жүзу дағдыларын меңгерді. Сондай-ақ 85 құтқарушы-жасақшы оқытылды.
Жалпы, өңірде 47 рұқсат етілген жағажай бар, оның 20-сы – жекеменшік. Ал 128 орын қауіпті деп танылып, шомылуға тыйым салынғандар тізіміне енгізілді.
2025 жылы құтқару бөлімшелерін жабдықтауға 148 миллион теңге бөлінді. Соның арқасында 50 жиынтық жаңа форма сатып алынды. Маусым қорытындысында құтқарушылар 20 адамның, оның ішінде 6 баланың өмірін сақтап қалды.