Павлодарлық балалардың арманы: «Балдаурен» сауықтыру лагері жаңа маусымын ашты

Павлодарлық балалардың арманы: «Балдаурен» сауықтыру лагері жаңа маусымын ашты
Фото: Константин Шелков

Жаздың алғашқы маусымына жүзден астам оқушы келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Халықаралық балаларды қорғау күні Павлодар облысының Павлодар ауданындағы Мичирун ауылындағы «Балдаурен» оқу-сауықтыру орталығының жазғы маусымын ашумен тұспа-тұс келді. Биыл алғашқы жазғы ауысымға өңірдің түкпір-түкпірінен келген 130-дан астам бала қабылданды. Мұнда оқушылар он күн бойы демалып қана қоймай, түрлі танымдық, шығармашылық және спорттық іс-шараларға қатысады.

Орталықта балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Әр корпус пен аумақтың негізгі бөліктеріне бейнебақылау камералары орнатылып, олардың жұмысы күн сайын тексеріледі. Сонымен қатар мекеме өрт қауіпсіздігі мен санитарлық талаптарға сай дайындықтан өткен.

– Біз балалардың қауіпсіздігіне өте мұқият қараймыз. Лагерь аумағында 117 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Барлық жүйелер тұрақты бақылауда. Медициналық корпусымыз бар, дәрігер мен медбикелер тәулік бойы қызмет етеді, – дейді «Балдаурен» оқу-сауықтыру орталығының жетекшісі Лаура Темірғалиева.

Орталық бір маусымда 150 балаға дейін қабылдай алады. Жазғы кезеңде алты ауысым ұйымдастырылады. Жолдаманың негізгі шығындарын мемлекет өтейді, ал ата-аналар тек тамақтану құнын төлейді. Кейбір санаттағы балалар үшін жеңілдіктер қарастырылған.

Лагерьдегі күн таңғы жаттығудан басталады. Одан кейін балалар түрлі ойындарға, шығармашылық бағдарламаларға, концерттерге, көрмелерге және спорттық жарыстарға қатысады. Сонымен қатар, оқушылар арасында патриоттық тәрбие мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар өткізіледі.

– Біз «Адал азамат», «Таза Қазақстан» секілді бағдарламалар аясында түрлі семинарлар, зияткерлік және спорттық ойындар ұйымдастырамыз. Балалардың өзара сыйластығы мен достық қарым-қатынасын дамытуға мән береміз, – дейді орталық басшылығы.

Балалардың жайлы демалысы үшін төрт тұрғын корпус жұмыс істейді. Бөлмелер үш және бес орындық болып жабдықталған. Денсаулық жағдайын бақылау үшін дәрігер мен үш медбике тәулік бойы кезекшілік атқарады.

Лагерьдегі маңызды бағыттардың бірі – дұрыс тамақтану. Мұнда балаларға күніне бес рет ыстық әрі теңгерімді ас беріледі. Ас мәзірі он күнге алдын ала жасалып, бірде-бір тағам қайталанбайды.

– Бізде арнайы он күндік мәзір бар. Таңғы асқа ботқалар, түскі асқа бірінші және екінші тағамдар, салаттар беріледі. Түстен кейін жемістер ұсынылады. Кешкі асқа ет тағамдары мен гарнирлер дайындалады. Балаларға күніне бес рет тамақ беріледі, – дейді орталықтың бас аспазы Татьяна Гуськова.

Оның пайымдауынша, жазғы мәзірде көкөністер мен жеңіл салаттарға басымдық беріледі. Ал қыс мезгілінде дәруменге бай әрі тойымды тағамдар көбірек енгізіледі.

Ал лагерьге келген балалардың әсері ерекше. Көпшілігі мұнда бірінші рет келсе, кейбірі бірнеше жылдан бері жазғы демалысын осы жерде өткізеді.

Павлодар қаласының №42 мектебінің оқушысы Маргарита Серкульская өткен жылы да осы лагерьде болған.

– Маған мұнда өте ұнайды. Жақсы тәлімгерлер бар, көңілді іс-шаралар ұйымдастырылады. Өткен жылы тапқан достарыммен әлі күнге дейін араласамын. Биыл да жаңа достар тауып жатырмын, – деді ол.

Ал шаһардың №39 мектептің оқушысы Аслан Маненов бұл лагерьге келуді бұрыннан армандағанын алға тартты.

– Маған бәрі ұнайды. Тамақтары пайдалы әрі дәмді. Бірінші күннің өзінде жаңа достар таптым. Алдағы уақытта тағы да көп дос табамын деп ойлаймын, – деді мектеп оқушысы.

Осылайша «Балдаурен» оқу-сауықтыру орталығы жазғы маусымды көтеріңкі көңіл күймен бастады. Мұнда балалар тек демалып қана қоймай, жаңа достар тауып, шығармашылық қабілеттерін дамытып, ұмытылмас әсерлер жинайды.

Еске сала кетейік, орталық жағажайда Халықаралық балалар күніне орай өңірдің бүлдіршіндері үшін ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. «Балалық шақ аңызға айналған мекен» ұранымен ұйымдастырылған мерекеде қазақ ертегілерінің кейіпкерлері, аңызға айналған батырлар, танымал мультфильм қаһармандары мен заманауи суперқаһармандар бас қосты. Жағалау бойында театрландырылған шеру өтіп, қонақтарға интерактивті көріністер мен түрлі тосынсыйлар ұсынылды. 

Ал Ақсуда балаларды қорғау күніне орай мыңнан астам бала бас қосты.Олар үшін 12 түрлі ойын-сауық және шығармашылық алаңы жұмыс істеді. Қаланың орталық жағалауда ұйымдастырылған мерекелік бағдарлама аясында балаларға арналған спорттық жарыстар, интеллектуалдық сайыстар, түрлі ойындар мен мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізілді.

Өңірде 11 қала сыртындағы лагерь, 350-ден астам мектеп жанындағы және 600-ге жуық бейінді алаң жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, балаларға арналған шатырлы және киіз үй лагерьлері ұйымдастырылады. Жазғы лагерьлердің негізгі бағыттарының бірі IT-саласы болады. Мектеп жанындағы ұйымдар базасында арнайы IT-алаңдар іске қосылады, онда балалар заманауи технологияларды үйреніп, өз жобаларын әзірлей алады.

Биылғы жазғы маусымда 110 277 баланы демалыс, сауықтыру және жұмыспен қамту шараларымен қамту жоспарланып отыр. Бұл өңірдегі оқушылардың жалпы санының 99,1 пайызын құрайды.