Павлодарлық университет студенттері трамвай басқармасына экскурсия жасады

Павлодарлық университет студенттері трамвай басқармасына экскурсия жасады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Экскурсия кәсіби бағдар беріп, қоғамдық көліктің маңызын түсінуге көмектесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Торайғыров университетінің Көлік инженериясы және тасымалдауды ұйымдастыру бағытында оқып жүрген бірінші курс студенттері Павлодар қаласының Трамвай басқармасына барып, мекеменің жұмысымен танысты.

Экскурсия барысында студенттерге кәсіпорынның құрылымы мен негізгі жұмыс үдерістері туралы жан-жақты мәлімет берілді. Атап айтқанда, қозғалыс қызметі мен депо арасындағы өзара іс-қимыл, маршруттар кестесін ұйымдастыру, жылжымалы құрамды техникалық қызмет көрсету мәселелері кеңінен түсіндірілді.

Болашақ мамандар трамвай жүргізу және оны басқару үдерісінің ішкі ұйымдастырылуын өз көздерімен көріп, қалалық электр көлігінің қалай жұмыс істейтінін тереңірек ұғынды.

Трамвай басқармасында атап өткендей, мұндай іс-шаралар студенттердің таңдаған мамандығын жақсырақ түсініп, қоғамдық көліктің қала тұрғындарының өміріндегі маңызын сезінуге септігін тигізеді.