Павлодар облысында балалар лагерьлерінің жазғы маусымға дайындығы талқыланды

Павлодар облысында балалар лагерьлерінің жазғы маусымға дайындығы талқыланды
Фото: Константин Шелков

Облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қарастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жазғы сауықтыру науқанына дайындық туралы облыстық білім басқармасының басшысы Әйгерім Әбенова баяндады. Оның айтуынша, жазда 110 мыңнан астам баланы демалыспен және жұмыспен қамту жоспарланған.

Өңірде 11 қала сыртындағы лагерь, 350-ден астам мектеп жанындағы және 600-ге жуық бейінді алаң жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, балаларға арналған шатырлы және киіз үй лагерьлері ұйымдастырылады.

Әлеуметтік осал отбасылардың балалары мен қатер тобындағы жасөспірімдерге ерекше көңіл бөлеміз. Жазғы демалыспен және сауықтырумен осы санаттағы 35 мыңнан астам бала қамтамасыз етіледі, деп атап өтті Әйгерім Әбенова.

Жоғары сынып оқушылары үшін ҰБТ-ға дайындық бойынша бейінді сыныптар ашылады, сондай-ақ еңбек жасақтары мен уақытша жұмысқа орналастыру ұйымдастырылады. Жазда 12 мыңнан астам мектеп оқушысы мен колледж студенттерін жұмыспен қамту жоспарлануда.

Жазғы лагерьлердің негізгі бағыттарының бірі IT-саласы болады. Мектеп жанындағы ұйымдар базасында арнайы IT-алаңдар іске қосылады, онда балалар заманауи технологияларды үйреніп, өз жобаларын әзірлей алады.

«Жолдама сыйла» акциясы аясында үш мыңнан астам бала жолдамамен қамтылады. 2025 жылы 291 жолдама берілген болатын.

Екібастұз кәсіпорындары балаларды сауықтыруға 2060 жолдама бөлді. Ақсу ферроқорытпа зауыты есебінен 360 бала Ақсу қаласының эко-орталығында және 920 оқушы «Мечта»  жеке лагерінде сауығады,  деп түсіндірді Әйгерім Әбенова.

Кеңес барысында лагерьлердің қауіпсіздігі мен санитарлық дайындығы туралы  жеке талқыланды. Облыстың бас санитарлық дәрігері, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев лагерьлердің қажетті тексерістерден өтіп, рұқсат құжаттарын алатынын айтты.

Бүгінгі таңда ведомствоға үш өтініш келіп түсті. Бір нысан осы аптада санитарлық-эпидемиологиялық қорытындының нәтижесін алады. Бірқатар нысандар бойынша құжаттар рәсімделу үстінде,  деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар, балалармен жұмыс істейтін кадрлық құрамның қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды.

Өткен жылғы тәжірибені ескере отырып, біз бақылауды күшейттік. Қазір прокуратурамен және полициямен бірлесіп, жазда балалармен жұмыс істейтін барлық қызметкерлерді тексеру жүргізілуде. Деректер базасы, соттылығының болуы және ықтимал құқық бұзушылықтар тексеріледі. Әрбір қызметкерде қажетті анықтамалар мен рұқсат беру құжаттары болуы тиіс. Біз заңбұзушылығы бар адамдардың баламен жұмыс істеуіне жол бермейміз, – деді облыс білім басқармасының басшысы.

Ол басқарма ішіндегі осы бағытқа бейінді орынбасар жауап беретінін, ал қызметкерлер тізімі тиісті деректер базасы арқылы міндетті салыстырып тексеруден өтетінін айтты

Облыстың барлық аудандарында ата-аналар жиналыстары мен ақпараттық кездесулер өткізіледі, онда балалардың жазғы демалысының шарттары талқыланады және лагерьлер мен жұмыспен қамту бағдарламалары туралы ақпарат беріледі. Ата-аналармен келесі ауқымды кездесу 22 мамырға жоспарланған, онда жазғы науқанды ұйымдастыру бойынша соңғы деректер ұсынылады.

Сондай-ақ жаз мезгілінде балаларды қолдау орталықтары мен отбасылық үлгідегі балалар ауылдарында тұратын балалар үшін Қостанай және Ақмола облыстарының қала сыртындағы лагерьлерінде демалыс ұйымдастырылады. Бүгінгі таңда үш ұйым келісім-шарт жасасты, ал бес ұйымда конкурстық рәсімдер жүргізілуде.

Облыс әкімі Асайын Байханов қауіпсіздік мәселелері тұрақты бақылауда болуы тиіс екенін түсіндірді.              

Бұл мәселені қатаң бақылауда ұстау керек. Ол өте маңызды. Біз бұл жұмысты жыл сайын жүргізіп келеміз, сондықтан ешқандай қиындық болмауы тиіс,  деп атап өтті өңір басшысы.

Облыста жазғы лагерьлерге дайындық күшейтілген режимде жалғасады. Барлық ұйымдастыру шараларын маусым басталғанға дейін аяқтау жоспарланған. Балалардың жазғы демалысы толықтай облыстық білім беру басшысының бақылауында болады.