Павлодарда ұстаздарға еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін құрмет көрсетілді
Еңбегі мен мамандығына деген адалдығы арқылы балалардың қабілетін ашуға көмектесіп жүрген педагогтердің есімдері Естай атындағы мәдениет сарайының сахнасында аталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ұстаз – ұлт ұстанымы» атты мерекелік бағдарлама білім беру саласының үздік қызметкерлері мен педагогика ардагерлерін бір ортаға жинады.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков құттықтау сөзінде мұғалім еңбегі білім берумен ғана шектелмейтінін атап өтті.
– Ұстаз балаға білім беріп қана қоймай, оның тұлға болып қалыптасуына жол көрсететін жан. Баршамыз ұстаздардың ұлағатын көріп, бізге білім беріп, қолдау көрсетіп, өзімізге сенуге үйреткен ұстаздарды әрдайым құрметпен еске аламыз. Сондықтан ұстаздар күні - баршаға ортақ мереке. Бүгін өз ісіне адал, шәкіртіне жанашыр, еңбегімен ерекшеленіп жүрген ұстаздарға құрмет көрсетіп отырмыз, – деді Хасар Хабылбеков.
Қала әкімі кәсіби шеберлігі Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі тарапынан жоғары бағаланған педагогтерге марапаттар табыстады.
М. Әуезов атындағы мектептің директоры Асхат Сачалов «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. №47 мектеп директорының орынбасары Тілектес Бегежанова «Қазақстан Республикасының білім беру саласының құрметті қызметкері» төсбелгісіне ие болды.
Тілектес Бегежанова білім беру саласында 45 жылға жуық еңбек етіп келеді. Еңбек жолын Железин ауданы Есқара ауылындағы орта мектепте бастаған.

Елдің білім беру саласының құрметті қызметкері педагог мамандығын жүрек қалауымен таңдағанын айтады. Бұған өз ұстаздарына деген сүйіспеншілігі де себеп болған.
– Мен үшін ең үлкен марапат – өзім мақтан тұтатын оқушыларым және өзім мақтан тұтатын ұжым. Мамандықты шын көңілмен, сүйіспеншілікпен атқару үшін балаларды жақсы көру және оларға сену керек. Сондай-ақ өз миссияңды ұмытпай, баланы дұрыс бағытқа бағыттап, өзгеріп жатқан жүйеде жаңа технологияларды меңгеру маңызды, – дейді Тілектес Бегежанова.
Білім саласына ондаған жылын арнаған педагогтер де назардан тыс қалмады. Ең жоғары ведомстволық марапаттардың бірі саналатын «Еңбек ардагері» медалімен С. Торайғыров атындағы мектеп директорының орынбасары Татьяна Савченко мен Павлодар қаласы білім бөлімінің жалпы орта білім беру секторының меңгерушісі Людмила Олейник марапатталды.
Тағы екі педагог Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің және Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың Алғыс хаттарына ие болды.
Бұл күні білім беру саласының ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Оларды залдағылар орындарынан тұрып, гүл шоқтарымен қарсы алды. Ардагерлерге арнап павлодарлық ұстаздардың гимні орындалды.
Сонымен қатар «Жыл мұғалімі» кәсіби шеберлік байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Бұл – кәсіби жолы әріптестеріне бағыт-бағдар болып, жас мамандарға үлгі көрсетіп жүрген педагогтер.
Бірінші орынды Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мейрамгүл Баядилова иеленді. Ал бас жүлде Мәшһүр Жүсіп атындағы мектептің информатика пәнінің мұғалімі Алмас Серікбаевқа бұйырды.
Сондай-ақ бұл күні педагогтер «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі – 2026», «Білім берудің Digital көшбасшысы», «Цифрлық ұстаз», «Жаңа дәуір ұстазы» және «Жүрекке жол тапқан педагог» номинациялары бойынша марапатталды.
Соңғы аталым бойынша мамандыққа жақында ғана келген, алайда өз өмірін педагогикамен байланыстыруды шешкен жас мамандар ерекше аталды.
Олардың қатарында Павлодар қаласындағы №35 мектептің аға тәлімгері Фатиха Жұматай да бар. Жас маманның бұл салада еңбек етіп жүргеніне небәрі екі жыл болғанымен, осы уақыт ішінде елеулі нәтижелерге қол жеткізген. Оның айтуынша, мұның сыры қарапайым – көп еңбектеніп, балаларға бар ықыласыңды арнау.

– Мен тәлімгерлер арасында өткен «Дарынды балаларға – дарынды ұстаз» қалалық байқауына қатыстым. Облыстық іріктеуден өтіп, республикалық кезеңде Павлодар облысының намысын қорғадым. Үшінші орын алдым. Біз өз жұмысымызды көрсетіп, оқушылар арасындағы тәлімгердің маңызы туралы айттық. Сонымен қатар «Жас Ұлан» ұйымы мен орта және жоғары буынға арналған мектеп парламентінің жұмысын таныстырдым. Біз оқушыларды мектептің қоғамдық өміріне тартамыз және олардың талантын ашуға көмектесеміз, – деді Фатиха Жұматай.
Педагогтер үшін мерекелік кештің тағы бір тосынсыйы белгілі әнші Жұбаныш Жексенұлының өнер көрсетуі болды. Ал салтанатты шара басталғанға дейін Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының фойесінде мерекелік фотозоналар мен цифрлық кеңістіктер ұйымдастырылып, жанды әуен шырқалды.

Еске салайық, бұған дейін Астанада Мұғалімдер күніне арналған салтанатты шара өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел алдындағы айрықша еңбегі үшін 30 педагогке жоғары мемлекеттік наградалар табыстады.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен Теренкөл ауданы Томарлы ауылының орта мектебінің мұғалімі Ахметжан Садықов марапатталды. 30 жылдық еңбек өтілі бар педагог-зерттеуші Томарлы ауылындағы мектепте 2008 жылдан бері жұмыс істейді.
Жалпы, Павлодар облысында кәсіби мерекені 22 мыңнан астам педагог атап өтті.