Ақсуда Балаларды қорғау күніне орай мыңнан астам бала бас қосты
Олар үшін 12 түрлі ойын-сауық және шығармашылық алаңы жұмыс істеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ризагүл Негманованың айтуынша, орталық жағалауда ұйымдастырылған мерекелік бағдарлама аясында балаларға арналған спорттық жарыстар, интеллектуалдық сайыстар, түрлі ойындар мен мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізілді.

– Бүгін балалар үшін арнайы 12 алаң ұйымдастырылды. Оның ішінде шығармашылық және қолданбалы өнер бағытындағы шеберлік сағаттары бар. Балалар өздерінің қабілеттерін көрсетіп қана қоймай, жаңа дүниелерді үйренуге мүмкіндік алды. Жасалған жұмыстар кейін арнайы көрмеге қойылып, көпшілік назарына ұсынылады, – деді Ризагүл Негманова.
Мерекелік бағдарлама аясында «Жазға жарқын старт» спорттық эстафетасы, «STARTINAGER» би байқауы, «Балалық шақ порталы: бақыт миссиясы» атты квест-ойыны, «Балалық – ұлт қуанышы» конкурстық бағдарламасы, «Жаз бояулары» ойын бағдарламасы, «Ақжелкен» және «Искра» аула клубтарының ойын алаңдары, «Театр шеберханасы», қолданбалы өнерге арналған «Шеберлер қалашығы» шығармашылық алаңы және «Достық шаржы» атты пленэр ұйымдастырылып, балалардың қызықты әрі мазмұнды демалыс өткізуіне мүмкіндік жасалды.

Балалар шығармашылығы үйі ұйымдастырған шеберлік сағатында бүлдіршіндер түрлі-түсті қағаздан жазғы сәнді қалпақ жасап, оны өз қиялдарына сай безендіруге мүмкіндік алды. Балалар шығармашылығы үйінің педагог-ұйымдастырушысы Елена Хвостикованың айтуынша, ұйымдастырушылар балалардың қысқа уақыт ішінде жұмыстарын аяқтап үлгеруі үшін қажетті дайындамаларды алдын ала әзірлеген.
– Бүгін балалармен бірге гүлдермен безендірілген жазғы қалпақтар жасап жатырмыз. Балалар өз шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, дайын жұмыстарын өздерімен бірге алып кетеді. Шеберлік сағаты өте қарапайым әрі қызықты, сондықтан оны үй жағдайында да қайталауға болады, – дейді педагог.

Мерекелік шараға келген балалардың көңіл-күйі көтеріңкі болды. Солардың бірі – №8 мектептің 14 жастағы оқушысы Дәулет Рахметолла. Оның айтуынша, жағалауда ұйымдастырылған түрлі ойындар мен сайыстар балаларға ерекше әсер сыйлаған.
– Бүгін достарыммен бірге мерекеге келдім. Мұнда көптеген қызықты ойындар мен жарыстар өтіп жатыр. Мен секіртпемен секіру сайысына қатысып, тәтті сыйлықтарға ие болдым. Осындай көңілді мереке ұйымдастырып, балаларға қуаныш сыйлаған ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін. Бүгінгі күн біз үшін ерекше әрі есте қаларлықтай өтуде, – дейді ол.

Бұдан бөлек, жазғы демалыс кезеңінде Ақсу өңірінде 9 500 бала сауықтыру және демалыс шараларымен қамтылады. Оның ішінде 200-ге жуық оқушы Қазақстан аумағындағы қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне жолдама алады.
Бүгіннен бастап қаладағы 25 мектеп жанындағы лагерь өз жұмысын бастады. Бұдан бөлек, екі қала сыртындағы лагерь мен Балалар техноорталығы да жазғы демалыс маусымында балаларды қабылдайды.
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға да ерекше көңіл бөлінуде. Жазғы демалыспен қамтылатындардың қатарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балалар да бар. Бұл санаттағы балалардың жүзге жуығы арнайы демалыс және сауықтыру бағдарламаларына қатысады.