Павлодарда бүлдіршіндерге арналған ең ірі мереке өтті

Павлодарда бүлдіршіндерге арналған ең ірі мереке өтті
Фото: Константин Шелков

Жағалаудағы жиында мыңдаған бала бас қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ertis Bala Magic Show ауқымды мерекелік бағдарламасы өтті. Ертіс жағалауы бұл күні ертегілер мен қиял әлеміне айналып, мыңдаған бала мен олардың ата-анасын бір алаңға жинады.

«Балалық шақ аңызға айналған мекен» ұранымен ұйымдастырылған мерекеде қазақ ертегілерінің кейіпкерлері, аңызға айналған батырлар, танымал мультфильм қаһармандары мен заманауи суперқаһармандар бас қосты. Жағалау бойында театрландырылған шеру өтіп, қонақтарға интерактивті көріністер мен түрлі тосынсыйлар ұсынылды.

Мерекенің маңызды бөлігінің бірі – М.М. Катаев атындағы оқушылар сарайының 300-ден астам тәрбиеленушісі орындаған «Айгөлек» ән-би композициясы болды. Сондай-ақ 500-ден астам жас өнерпаз әлемдік және қазақстандық балалар фильмдері мен мультфильмдерінің танымал саундтректерінен құралған концерттік бағдарлама ұсынды.

Бүгінгі мереке қаладағы балалардың басым бөлігін қамтып отыр. Біз балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, олардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлеміз. Ertis Bala Magic Show – соның жарқын көрінісі, – деп атап өтті облыстық білім басқармасындғылар.

Күні бойы жағалауда шығармашылық шеберханалар, VR-аймақтар, спорттық және ойын алаңдары, театрлық кеңістіктер, музыкалық баттлдар, көрмелер мен арт-инсталляциялар жұмыс істеді. Балалар үшін ашық аспан астындағы мұражайлар, интерактивті қойылымдар және анимациялық алаңдар ұйымдастырылды.

№47 жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Маржангүл Махмутованың сөзінше, балаларға арналған мерекелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бүгінгі шараға мектептен 150 оқушы қатысып, көтеріңкі көңіл күймен демалуда.

Бүгін  1 маусымда барлық мектептерде жазғы сауықтыру лагерьлері өз жұмысын бастады. Осыған орай Ертіс жағалауында балаларға арналған үлкен мерекелік іс-шара өтіп жатыр. Мереке өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мұнда балалардың көңілінен шыққан көптеген ертегі кейіпкерлері қатысуда. Біздің болашағымыз – балалар. Олардың өмірі алаңсыз, қуанышқа, мейірімге және шат күлкіге толы болсын, – деді ол.

Мерекеге келген оқушылар да өз әсерлерімен бөлісті.

Маған барлық ертегі кейіпкерлері қатты ұнады. Бүгін мен жазғы лагерьге алғаш рет келдім. Маған мұнда өте көңілді. Барлығы қызықты болды, – дейді Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің оқушысы Амина Абай.

Ал №47 жалпы орта білім беретін мектептің екінші сынып оқушысы Закия Қайроллина концерттен ерекше әсер алғанын айтты.

Бүгін біз балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шараға келдік. Концерт өте қызықты әрі әсерлі өтті. Маған әсіресе ертегі кейіпкерлері мен алып қуыршақтар қатты ұнады. Барлық кейіпкерлер әдемі әрі жарқын болды. Бұл мереке бізге көп қуаныш пен жақсы әсер сыйлады, – деді оқушы.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мереке өңірдегі балалардың басым бөлігін қамтып, Павлодардағы ең ірі балалар мерекелерінің біріне айналды.