Павлодарлық футболшылар Бірінші лигада ескі таныстарымен ойнайды

Павлодарлық футболшылар Бірінші лигада ескі таныстарымен ойнайды
Фото: Prosports.kz

Олардың тізімін қарағандылық «Шахтер» толықтырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Премьер-лигасының соңғы турында Қызылордада кеншілерді жергілікті «Қайсар» 5:1 есебімен ойсырата жеңді. Бұл фиаско Қарағанды клубының тағдырын түпкілікті шешті – «Шахтер"» өз тарихында алғаш рет Қазақстанның элиталық футбол дивизионымен қош айтысады.

«Шахтер» 2011 және 2012 жылдары Виктор Кумыковтың басшылығымен ел чемпионы атанды. Осының арқасында Қазақстанның көмір астанасынан келген команда еурокубоктарда ел намысын абыроймен қорғаған. Отандық футбол сүйер қауым «Шахтердің» аңызға айналған шотландиялық «Селтикті» жеңгенін жақсы біледі. Айтпақшы, қарағандылықтар – еурокубоктың топтық кезеңіне өткен алғашқы қазақстандық клуб: 2013 жылы кеншілер УЕФА Еуропа лигасында ойнады.

Содан бері команда шаруашылығы құлдилай берді, стадион да құлдырады. Осы маусымда «Шахтер» алғашқы турлардан-ақ кестенің түбіне түсіп, содан көтерілмеді. 

Қарағандылықтардан басқа Қазақстанда ұзақ уақыт бойы элиталық дивизионнан шықпаған тағы бір клуб болған еді – ол павлодарлық «Ертіс». Бірақ 2020 жылы команда қаржылық дағдарықа тап болып, клуб чемпионаттан шығарылды. 

Әрине, екі клубтың қарсыласуының ұзақ тарихы бар. Сандық жағынан бұл 29 матч, оның 14-і «Ертістің», тоғызы «Шахтердің» жеңістерімен аяқталды. Тағы алты ойын тең нәтижемен бітті. Егер Премьер-лиганы кеңейту туралы қауесет расталмаса, екі клуб та Бірінші лиганың келесі маусымында кездеседі. 

Қазақстан футболының маңыздылығы жағынан екінші дивизионында «Ертістің» басқа да ескі достары өнер көрсетеді. Мысалы, «Таразды» алайық. 2023 жылдан бастап жамбылдықтар Бірінші лигада өнер көрсетіп келеді. Клуб Қазақстан футболының нағыз ұстаханасы болып есептеледі.

Тоқсаныншы жылдардың ортасында командалар арасындағы матчтар алтын медальдардың тағдырын шешетін еді. 1997 жылы екі команда да чемпионат үшін күресте бірдей ұпай жинады. Барлығын «Алтын матч» шешті. Алматының орталық стадионындағы кездесу павлодарлықтардың жеңісімен аяқталды, шешуші допты Виктор Антонов соқты. 

Сонымен қатар, Бірінші лигада жоғарыда аталған ұжымдардан бөлек Өскеменнің «Алтайы», Алматының «Хан Тәңірі», Оралдың «Ақжайығы» және «Екібастұз» бәсекелестік таныта алады.