Павлодарлық жауынгер Дубайдан алған тәжірибесімен бөлісті

Болашақ сарбаздар ЖҚАЖ инспекторымен қорғаныс жаттығуларын жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қабанбай батыр атындағы «Жас сарбаз» мектеп-лицейінде тәрбиеленушілерге пайдалы шеберлік сабағы өтті. UAE SWAT Challenge халықаралық жарыстарында жүлделі орын алған облыстық полиция департаментінің ЖҚАЖ инспекторы Ризагүл Андасова өзінің кәсібилігін көрсетіп, жас сарбаздардың академияға түсуге деген құштарлығын оятты.
– Қарусыз шабуылдаған жағдайда қандай қорғаныс әдістерін жасауға болатынын көрсеттім. Ал жалпы өзіндік қорғаныс әдістері төніп тұрған қауіпке байланысты бөлінеді. Пышақпен, тастар мен таяқпен, қарумен шабуылдағанда қорғану да әртүрлі болады, – деп хабарлайды Ризагүл Андасова.
ЖҚАЖ инспекторы тәрбиеленушілерге бұл салаға келу үшін физикалық және моралдік дайындықтың жоғары болуы жеткілікті екенін айтты.
– Бұл қызметке мені спорт бағыттады. 10 жасымнан ойын спорт түрлеріне жақынмын. Кейіннен жұмыста джиу-джитсу, күрес, оқ атуға деген қызығушылығым оянды. Негізгі мамандығым дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, ал екінші білімім құқықтану болды. Сондықтан сынақ тапсырып, қызметке орналасуға оңайға түсті, – деп атап өтті Ризагүл Андасова.
Ол Дубайдағы жарысқа барам деген нақты мақсат қоймаған. Астанадағы республикалық турнирде үш-төрт күн өнерін көрсетіп, қайта Павлодарға оралуды ойлаған.
– Облыстық ЖҚАЖ-да төрт әйел ғана бар. Мен және тағы бір қыз Астанаға барып, күшімізді сынап көруге бел будық. Бұл Дубайдағы халықаралық жарыстарға іріктеу екенін білген де жоқпын. Осылайша сәті түсіп, үш кезеңді іріктеуден сәтті өтіп, Дубайға аттандым. Ол жерден керемет, мықты, сапалы тәжірибе жинап келдім. Атыстан көптеген жаңа жаттығуларды үйрендім, – деді полиция аға лейтенанты.
Ризагүл көрсеткен жаттығуларға шабыты оянған жас сарбаздар, ЖҚАЖ инспекторына сұрақтар қойып, қызығушылықтарын көрсетті. Шеберлік сағатта желкеден немесе жеңнен ұстап, құлату сынды әдіс көрсетілді.
– Әдістер маған өте қатты ұнады. Қазақтың атын Дубайда шығарған қызды өз көзімізбен көрдік. Чемпионмен шын өмірде кездесу өте қатты әсер етеді екен. Енді академиядан кейін менің ЖҚАЖ баруға ниетім пайда болды, – деді «Жас Сарбаз» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Дильназ Тлен.
Айта кетейік, полиция аға лейтенанты Ризагүл Аңдасова ішкі істер органдарында жеті жылдан астам қызмет етеді. Ол Дубайда UAE SWAT Challenge алтыншы халықаралық жарыстарында ел құрамасында өнер көрсетіп, қатал бәсекелестікке қарамастан, әйелдер командалары арасында екінші орынға ие болды.