Павлодар музейінде жүз жылдық бүктемелі домбыра сақтаулы

Павлодар музейінде жүз жылдық бүктемелі домбыра сақтаулы
Фото: Ольга Бугаева

Оюмен безендірілген ұлттық аспап Ертіс ауданының тумасы, суырыпсалма ақын Құдайберген Әлсейітовке тиесілі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әнші-композитор 1884-1933 жылдар аралығында өмір сүрген. Ол 11-12 жасынан бала ақын атанған. Руы – қыпшақ. Павлодар, Омбы, Көкшетау, Қызылжар, Ақмола, Семей қалаларын аралап, ән айтқан. Қоянды, Қараөткел жәрмеңкелерінде ән салып, ат ойынын көрсеткен. Оның көптеген музыкалық шығармалары «Құдайбергеннің әні», «Баласы Әлсейіттің Құдайберген», «Құдайбергеннің термесі», «Құдайбергеннің желдірмесі», «Құдайбергеннің хадиша қызбен айтысы» және басқа да  атпен ел арасына кең тараған. 

Әлсейітов мелодиялары терме жанрына тән жеңіл ырғаққа құрылған. Ол ән жанрында кезігетін қайырмасы бар екі бөлімді форманы терме, желдірмелерінде сәтті пайдаланған. Сазгердің шығармашылығын Иса Байзақов насихаттаған, – дейді Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылық музейінің директоры Ерлан Рахимов.

Оның айтуынша, добмыраны музейге 1986 жылы қызы Дәметкен Әлсейітова тапсырған. Сол кезде серілік құрып, ел аралап жүрген сазгерлер музыкалық аспапты арнайы тапсырыспен жасатқан. Шанағы, беттақтайы және формасымен ерекшеленген бұл аспап «тұмар домбыра» деп аталады.  Бетіндегі оюының атауы – «бітпес ою», яғни өнер шексіз, жалғаса береді, тоқтамайды әрі ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалады деген мағынаны білдерді. Қапталдарына күміске ұқсас әшекей темірлер салынған.   

Бұл домбыраның ғасырға жуық тарихы бар. Тағы бір ерекшелігі – бүктемелі. Бүктеп алып, қоржынға салуға болады әрі атпен жүргенде өте ыңғайлы. Біздің өңірде мұндай екі домбыра бар. Оның бірі – Байғабыл Жылқыбаевтың домбырасы, бірақ оның формасы өзгешелеу. Жалпы, Атырау мен Қызылордаға ғана барғаным жоқ, қалған өңірлердің музейлерінде мұндай домбыра көрмедім, – дейді ол. 

Ерлан Рахимовтың сөзінше, нағыз шебердің қолынан шыққан ұлттық аспапқа біраз реставрация жасау үшін шебер Нұрлан Рақышев бунақтарын тартып, ішегін ауыстырған. 

Айта кетерлігі, бұл – музейдегі Құдайберген Әлсейітовтен қалған жалғыз мұра.