Павлодарлық оқушы қымыздан экологиялық таза сабын жасап шығарды

Павлодарлық оқушы қымыздан экологиялық таза сабын жасап шығарды
Фото: Жанаргүл Хавдыл

Өнімнің екі сертификаты бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

Шаһардағы №7 жалпы орта білім беру мектебінде білім мен ғылымды, ұлттық мұра мен заманауи ізденісті ұштастырған ерекше жоба жүзеге асты. Химия пәнінің мұғалімі Жанаргүл Хавдылдың жетекшілігімен 7-сынып оқушысы Іңкәр Серікболқызы қымыз негізінде экологиялық таза қол сабынын әзірлеп, ғылыми ортада жоғары бағаға ие болды.

Жобаның негізінде оқушының табиғи өнімдерге деген қызығушылығы жатыр. Күнделікті тұрмыста қолданылатын заттардың құрамына мән берген Іңкәр өзіне толықтай сәйкес келетін табиғи сабын таба алмағанын айтып, оны өзі жасап көруге бел буған. Бұл идеяны ұстазы қолдап, ғылыми бағытта дамытуға көмектескен.

Зерттеу барысында қымыздың химиялық құрамы мен оның теріге әсері жан-жақты талданды. Нәтижесінде табиғи майлармен үйлестірілген, теріні нәрлендіретін әрі қауіпсіз өнім дайындалды.

– Қымыз қазақтың дәстүрлі сусыны. Біз оны заманауи форматта, яғни сабын ретінде пайдаланып, ұлттық өнімді жаңа қырынан танытқымыз келді. Оның адам денсаулығына пайдалы екенін білеміз. Сондықтан бұл қасиеттерін тек ішіп қана емес, тері күтімінде де қолдануға болады деп ойладық, – деді жоба жетекшісі Жанаргүл Хавдыл.

Жоба 2022 жылдың қыркүйегінен бастап зерттеліп, 2023 жылы ғылыми жоба ретінде ұсынылған. Сабынның тиімді құрамын анықтау үшін бірнеше тәжірибе жүргізіліп, түрлі пропорциялар сыналған.

– Ең алдымен сабын негізін ерітеміз. Оның 90 грамын алып, шамамен 20 минут ыстық буға қоямыз. Температурасы 60 градустан аспауы керек. Толық еріген соң, оған түс беру үшін пигмент қосамыз. Кейін 10-15 тамшы қымыз қосып, барлығын араластырамыз. Дайын қоспаны қалыпқа құйып, төрт-бес сағатқа салқын жерге қоямыз. Айта кетейік, сабын үшін қымызды арнайы ауылдан алдырттық, – деп түсіндірді ол.

Дайын өнім Павлодар облысының ұлттық сараптау және сертификаттау орталығында тексеріліп, екі бірдей сертификатқа ие болды. Зерттеу аясында сабынның химиялық және физикалық қасиеттері толық сарапталған.

Ғылыми жұмыс «Зерде» республикалық зерттеу жобалары байқауында қалалық, облыстық және республикалық кезеңдерде жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар, «Сәтбаев оқулары» халықаралық конференциясында да бірінші орын алған.

Жоба жетекшісі Жанаргүл Хавдылдың айтуынша, мұндай бастамалар оқушылардың ғылыми қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың практикалық дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.

Бұл жоба – ұлттық құндылықтарды заманауи тұрғыда жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар, ол экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және жас ұрпақтың ғылыми ойлауын дамытуға серпін береді.