Павлодарда студенттердің өзін-өзі анықтау мәселелері талқыланды
Жиынға облыстағы білім ошақтарының басшылары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Торайғыров университетінде «НОББ жүйесінде білім алушылардың ерте кәсіби өзін-өзі анықтауының өзекті мәселелері» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Пленарлық отырысқа Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің басқарма мүшесі-академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ольга Андрющенко, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалының, «Павлодар облысы бойынша кәсіби даму институты» директоры Роза Әшімбетова және Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының бас сарапшысы, Нәрікбаев университетінің аға оқытушысы Қуандық Тайболатов қатысты.
Секциялық отырыста оқушылардың, студенттердің, магистранттардың, педагогтар мен педагог-психологтардың баяндамалары тыңдалды, олардың әрқайсысында практикалық тәжірибе мен ғылыми деректерге негізделген талдау мен қорытындылар қамтылды.
Айта кетейік, конференция «Негізгі орта білім беру жүйесінде білім алушылардың ерте кәсіби өзін-өзі анықтауын психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу» жобасын іске асыру аясында өтті.
Конференцияда жобаны дамыту мен іске асырудағы алдағы қадамдар, сондай-ақ білім алушылардың ерте кәсіби өзін-өзі анықтау саласындағы бірлескен зерттеу және практикалық бастамалар талқыланды.