Павлодарлық оқушыларға Семей өнершілері гравюра мен мүсіндеуден сабақ берді
Тәжірибе алмасу барысында арнайы көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Бояулар симфониясы» бірлескен жобасы аясында Семей қаласы өнер мектебінің көркемсурет бөлімінің педагогтері Павлодар қаласының балалар көркемсурет мектебіне сапармен келген.
Қонақтар Павлодар мектебінің оқушылары мен педагогтерінің назарына өнер мектебі оқушылары жұмыстарының көрмесін ұсынды. Ашылу салтанатында қалалық Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінің оқушылары музыкалық сүйемелдеуді ұйымдастырды.
– Семей өнер мектебінің педагогтері оқушыларға «Рельеф гипсом», «Картонография» тақырыптары бойынша мүсіндеу және гравюра техникасы бойынша шеберлік сағаттар өткізді. Мектеп педагогтері сәндік-қолданбалы өнер мен сурет салуды, изостудия жүргізу әдістемесін оқыту бойынша жұмыс тәжірибесімен алмасты,– деді қалалық білім беру бөлімінде.
Бірлескен жұмыс қорытындысы бойынша мектептер одан әрі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қала оқушылары жұмыс тәжірибесімен алмасу, кесте және кескіндеме бойынша оқушылардың жұмыстарының көрмесін ұсыну үшін өз бағдарламасымен Семей қаласына баруды жоспарлануда.
Фото: Павлодар қаласының білім беру бөлімі ұсынды.