Павлодарлық оқушылар Ресей мен Беларусьтің қаһарман қалаларын аралады

Сапар Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қабанбай батыр атындағы «Жас сарбаз» облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 10-сынып оқушылары тарихи-танымдық бағыттағы «Поезд Памяти – 2025» жобасына қатысып, Ресей мен Беларусь елдерінің маңызды қалаларында болып қайтты.
Жоба аясында павлодарлық делегация құрамындағы 5 оқушы Беларусьтің 8 және Ресейдің 7 қаласын аралады. Биылғы сапар бағыты Ресей астанасы – Мәскеуде аяқталады. Жоба Брест қаласынан басталған.
Бағдарлама аясында қатысушылар соғыс және еңбек даңқының ескерткіштеріне, ұлттық парктер мен тарихи мұражайларға барды. Олардың қатарында Петергоф мұражайы, сондай-ақ аты аңызға айналған «Алые паруса» мерекелік шоуы да бар. Сонымен қатар, жастар Санкт-Петербургтегі Таврия сарайында Ресей Федерациясы Федерация Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесті.
– Бұл жолғы жоба – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған ерекше кезең. Басты миссия – ортақ ерлік тарихы туралы шындықты сақтау, – деп Валентина Матвиенко биылғы сапардың ерекшелігін атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, павлодарлық жас сарбаздар Беларусь пен Ресейдегі қала-батырлардың рухын сезініп, Отан тарихына деген құрметін арттырғандарын жеткізді. Жоба олардың тарихи танымын кеңейтіп, отансүйгіштік сезімін нығайтты.