Павлодарлық педагог халықаралық INSPIRATION AWARD сыйлығының иегері атанды
Колледж оқытушысына өз тәжірибесін Бельгияда өтетін халықаралық конференцияда таныстыру мүмкіндігі берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бельгия астанасы Брюссель қаласында педагогтердің кәсіби дамуы мен білім беру саласындағы инновацияларды қолдауға арналған халықаралық «ETF New Learning Award – 2026» іс-шарасы өтті. Беделді байқауға Б. Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледждің оқытушылары Гүлмира Айтжановна мен Валерия Ясная қатысты.

– Халықаралық байқау қорытындысы бойынша Гүлмира Мешітбаева білім берудегі инновациялық тәжірибені дамыту және тарату бағытындағы жұмысы үшін «INSPIRATION AWARD» сыйлығын иеленді, – деді облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.
Ведомствода атап өткендей, ETF New Learning Award – білім беру саласындағы озық тәжірибелерді анықтауға және таратуға бағытталған халықаралық бастама. Байқау әлемнің түрлі елдерінен келген педагогтерге тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
– Гүлмира Мешітбаева конкурсқа «Бастауыш білім беру» мамандығы студенттерін даярлауда қолданылатын SCAFFOLD карталары негізіндегі тәжірибесін ұсынды. Бұл әдістеме студенттердің цифрлық технологияларды тиімді пайдалануына жол ашып, бейнематериалдар, деңгейлік тапсырмалар және білім беру жобалары мен сайттарын әзірлеуге мүмкіндік берді, – делінген хабарламада.
Жобалар бастауыш сынып оқушыларын оқытуда заманауи тәсілдерді енгізуге ықпал етіп, педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетуге және ата-аналарға практикалық ұсынымдар беруге бағытталған.
Айта кетейік, SCAFFOLD технологиясы Қазақстанда DARYA SCAFFOLD пилоттық жобасы аясында енгізілген. Б. Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледж бұл жобаға 2024 жылдың қыркүйегінен бастап қатысып келеді. Колледж студенттері аталған әдістемені оқу процесінде меңгеріп, педагогикалық практика кезінде мектептерде қолдануда.
Халықаралық сарапшылар қазақстандық педагогтің тәжірибесін жоғары бағалап, оны «Scaffold құралдарын пайдалану арқылы мұғалімдердің мүмкіндіктерін кеңейту» номинациясында жеңімпаз деп таныды.