Павлодар облысының ауыл мектебіне келген жас ұстаз бір айлық тәжірибесімен бөлісті
Аққулы ауданының Шақа жалпы орта білім беру мектебінде еңбек жолын бастаған Дастан Әбденбай үшін бұл – көптен күткен арманның жүзеге асқан сәті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқу жылы басталғалы бір ай өтті. Бұл уақыт ішінде жас маман үшін жаңа ортаға бейімделу, алғашқы сыныппен жұмыс істеу, ата-аналармен танысу және ұстаздық жауапкершілікті сезіну қатар жүрді.
Дастан – бастауыш сынып мұғалімі. Қазір ол бірінші сыныптың алты оқушысына сабақ береді. Сыныпта үш ұл, үш қыз білім алуда.
Ұстаздықты таңдауына оның бала күнгі арманы себеп болған. Өзі оқыған мектептегі алғашқы мұғалімі мен білім берген өзге де ұстаздары Дастанның мамандық таңдауына әсер еткен.

Жас маман үшін қалада жұмыс істеуге мүмкіндік болғанымен, ол еңбек жолын ауыл мектебінен бастауды жөн көрген.
– Ауыл – тәрбиенің ошағы. Қаланы ғана дамыта бермей, жас мамандардың басым көпшілігі ауылға барып, осы ауылдың білімінің дамуына өз үлесін қосса, білім беру жүйесінің дамуы одан әрі арта түседі. Сол себептен ауылға келіп, жұмыс жасауды жөн көрдім, – дейді Дастан.
Бұл шешімін жақындары да қолдаған. Себебі туған-туыстарының басым бөлігі ауылда тұратындықтан, оның таңдауына түсіністікпен қараған.
Ұстаздық жолындағы алғашқы жұмыс күні жас маман үшін толқыныссыз өтпеген. Бұған дейін тәжірибе кезінде сабақ бергенімен, өз сыныбының болуы жауапкершілікті екі есеге арттырған.
Оқу жылының алғашқы айында Дастан үшін есте қалған ең маңызды күн – 1 қыркүйек. Сол күні ол оқушыларымен алғаш танысып қана қоймай, ата-аналарымен де жылы байланыс орната білді.
– Алғашқы жұмыс күні ерекше қобалжыдым. Балаларды алғаш көріп, жұмыс жасап, ата-аналарымен танысқан кезім ерекше есте қалды. Сол күні маған үлкен жауапкершілік артылғанын сезіндім, – дейді жас ұстаз. – Мұғалім, педагог болғаннан кейін тек қана баламен жұмыс емес, ата-анамен де жұмыс жасау керек. Баланы тәрбиелеу – тек баламен тікелей жұмыс істеу емес. Оның айналасындағы адамдарға, қоғамға әсер ете білу қажет.
Қазір жас мұғалім оқушыларымен күнделікті жұмыс істеп келеді. Бірінші сынып оқушыларының әрқайсысы – өз алдына бір мінез. Ұстаздың айтуынша, балалардың еркелігі болғанымен, сабаққа белсенді қатысады әрі білімге қызығушылық танытады.
Жас маманның айтуынша, ауылдағы әріптестері де оған үнемі қолдау көрсетіп келеді. Қандай да бір мәселе туындаса, тәжірибелі ұстаздар кеңес беріп, білмегенін үйретуге дайын.
Бірінші сыныпта оқушы санының аз болуы жас мұғалім үшін өзіндік мүмкіндік береді. Себебі әр баламен жеке жұмыс істеуге, оның қабілетін байқап, білімін жетілдіруге көбірек уақыт бар.
Дастан алдағы уақытта сыныптағы әр оқушының білім сапасын барынша арттыруды мақсат етіп отыр. Бірінші сынып оқушыларының жас ерекшелігін ескеретін мұғалім сабақ барысында ойын элементтерін, түрлі көрнекіліктерді жиі қолданады. Түрлі түсті заттар мен ойын арқылы балалардың назарын сабаққа аударуға тырысады.
Сонымен қатар, жас ұстаз қазіргі білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған цифрлық технологияларды да сабақта қолдануға мән береді. Оның мақсаты – балалардың цифрлық сауаттылығын ерте жастан қалыптастыру.
Ауылға келген жас маман «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының мүмкіндігін де пайдаланған.
Ол – Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті Мұсахан Қанапиянов атындағы жоғары колледжінің түлегі. Колледжді аяқтағаннан кейін дуалды түрде жоғары оқу орнына түсіп, қазір бірінші курс студенті атанып отыр.
Жас маманның ауылда қанша уақыт жұмыс істейтіні әзірге нақты белгісіз. Дегенмен ол мүмкіндік болса, мұнда ұзақ уақыт еңбек етуге ниетті.
– Бір келіп, бір кету нәтиже бере қоймайды. Сондықтан мүмкіндік болса, барынша ұзақ жұмыс жасағым келеді. Әрине, кәсіби және мансаптық тұрғыдан өсу де маңызды. Бұл жағын әлі ойластырып жатырмын, – дейді Дастан.
Ал бір жылдан кейін ол өзін тәжірибесі молайған, жинаған білімін басқа жас мамандармен бөлісе алатын ұстаз ретінде елестетеді.
Жас маман өзі сияқты жастарға ауыл мектептеріне келуге кеңес береді. Себебі ауылдың білімін арттыру жалпы білімді арттырумен тең деп есесптейді.