«Өзгенің қиындығына бейжай қарамау»: павлодарлық оқушының ерлігі марапатталды

«Өзгенің қиындығына бейжай қарамау»: павлодарлық оқушының ерлігі марапатталды
Фото: Валерий Бугаев

Республика күні қарсаңында өңірде «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығының жас лауреаттарын құрметтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, салтанатты рәсімге өңір басшысы Асайын Байханов қатысып, конкурс жеңімпаздарына төсбелгілер мен ақшалай сертификаттар табыстады.

– Бүгін осы марапатты иелене отырып, сіздер еңбектің, білімнің және адалдықтың өз жемісін беретінін дәлелдеп отырсыздар. Әрқайсыңыздың жеңісіңіз – бұл жеке жетістік қана емес, сонымен қатар мектептердің, ата-аналардың және ұстаздардың ортақ табысы. Бұл марапат сіздерге шабыт беріп, барлығы өз қолдарыңызда екенін еске салып жүрсін, – деді аймақ басшысы.

Биыл конкурсқа қатысуға 800-ден астам өтінім келіп түскен. Көпсатылы іріктеуден кейін қазылар алқасы 100 үздікті анықтап, олардың ішінен 56 үміткер бес аталым бойынша облыстық деңгейдегі жеңімпаз атанды:

  • «Ғылыми-техникалық шығармашылық және оқу-зерттеу қызметі»;
  • «Шығармашылық шеберлік»;
  • «Спорттық шеберлік»;
  • «Кәсіби шеберлік»;
  • «Қоғамдық маңызы бар және әлеуметтік қызмет».

Лауреат атанған жасөспірімдер оқу мен ғылымда, өнер мен спортта, әлеуметтік белсенділік пен волонтерлік қызметте көзге түскен, сондай-ақ ерлік пен азаматтық ұстаным танытқан.

Мысалы, Павлодар қаласындағы №43 мектептің оқушысы Богдан Комаров азаматтық белсенділігі үшін марапатталды. Көктемде ол көшедегі жанжалға араласып, қыз баланы шабуылдан қорғап, зорлық-зомбылықтың алдын алды және құқықбұзушыны ұстауға көмектесті.

– Мен өзімді батырмын деп санамаймын. Менің орнымда әрбір адам солай жасайды деп ойлаймын. Бұл марапат – өзгенің қиындығына бейжай қарамайтын барлық жастарға мотивация болсын, – деді Богдан.

Биыл колледж студенттеріне ерекше көңіл бөлінді. Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында осындай мамандықтардың маңыздылығы артты.

Әрбір лауреатқа 50 АЕК (196 600 теңге) мөлшерінде ақшалай сыйақы және «Тәуелсіздік ұланы» төсбелгісі табысталды.

Салтанатты шара «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығының ресми әнұранын орындаумен аяқталды.