Ғылымға алғашқы қадам: Павлодарда жүздеген оқушы өз жобасын таныстыруда

Ғылымға алғашқы қадам: Павлодарда жүздеген оқушы өз жобасын таныстыруда
Фото: Өңірлік «Ертіс дарыны» орталығынан

Шаһарда «Зерде» ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңі өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Зерде» зерттеу жұмыстары мен ғылыми жобалар конкурсы – жыл сайынғы жас зерттеушілердің ең ауқымды ғылыми байқауларының бірі. Шараға өңірдің барлық мектептерінен келген дарынды балалар қатысып отыр.

Өңірлік «Ертіс дарыны» орталығының басшысы Азамат Шаймұрат конкурс деңгейінің жыл сайын өсіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, оқушылардың ғылымға деген қызығушылығы айқын байқалады, ал жобалардың сапасы жылдан жылға жетіліп келеді.

– Жыл сайын балалардың ғылыми жобаларының сапасы артып келеді. Биыл әсіресе жаратылыстану-математика бағытында мазмұнды, практикалық жағынан жақсы әзірленген жұмыстар көп, – деді ол.

Биылғы конкурстың мектепішілік кезеңіне 2 907 оқушы қатысып, өз жобаларын ұсынған. Оның ішінде рецензиялау кезеңінде қаралған 727 жұмыстың ішінен 376 жоба облыстық қорғалу кезеңіне өткен.

Облыстық кезеңге барлығы 478 оқушы қатысып отыр. Жобалардың бір бөлігі топтық форматта болғандықтан, қатысушылар саны жұмыстардан көп. Бұл оқушылардың командалық зерттеу дағдыларының да дамып келе жатқанын көрсетеді.

Ғылыми жобалар екі жас санатына бөлініп бағалануда: 2-4-сыныптар және 5-7-сыныптар.

– Жалпы байқауда жас ерекшелігі ескерілген секцияларға бөлінгенде 16 ғылыми бағыт бойынша жұмыстар қабылданды. Әр секцияда жобаларды салалық ғалымдар, пән мұғалімдері және тәжірибелі сарапшылар бағалайды, – деді Азамат Шаймұрат.

Биылғы конкурс жұмыстарының арасында жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданған жобалар да бар. Оқушылар нейрожелілерді анализ жүргізу, модель құру, есептеулерді автоматтандыру сияқты нақты мақсаттарға қолданған.

– Бұл – қазіргі оқушылардың технологиялық сауаттылығының жоғары екенінің белгісі. Сонымен қатар көптеген зерттеулер макетпен, тәжірибелік модельдермен, авторлық құрылғылармен толықтырылған. Мектеп оқушылары өз өңірінің табиғатын, тарихи нысандарын да макет арқылы көрсетіп, өлкетану саласында да белсенділік танытуда, – дейді орталық басшысы.

Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша секциялар арасында бірінші, екінші, үшінші дәрежелі дипломдар табысталады. Ең үздік деп танылған 24 жоба республикалық кезеңге жолдама алады.

– Ақпан немесе мамыр айында өтеді деп күтіліп отырған республикалық кезеңге дейін жеңімпаз жобаларды арнайы мамандармен бірге қайта қарап, қажет тұстарын жетілдіреміз. Қосымша сараптамадан кейін жұмыстардың сапасы артып, оқушылар республикада жоғары нәтиже көрсетуге мүмкіндік алады деп сенеміз, – деді Азамат Шаймұрат.

Өткен жылы Павлодар облысынан республикаға өткен 24 жобаның 19-ы жүлделі орын алған. Бұл – өңірдің ғылыми бағыттағы жұмысының жоғары деңгейін дәлелдейтін нәтиже. Ұйымдастырушылар биылғы жылы да осындай жетістікке қол жеткіземіз деп сенеді.

Республикалық кезеңге баратын оқушылар үшін барлық жағдай жасалған: тұруы мен тамақтануы тегін, жолақы мен іссапар шығындары оқушы оқитын мектеп тарапынан өтеледі.

Бұл жастардың ғылыммен айналысуына қолдау көрсетудің маңызды бөлігі саналады.