Павлодарлық педагогтер оқу сауаттылығын арттыру әдістерін талқылады

Павлодарлық педагогтер оқу сауаттылығын арттыру әдістерін талқылады
Фото: pexels.com / Nitin Arya

Орыс тілінде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғалімдер үшін онлайн әдістемелік шеберхана өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Білім беруді дамытудың инновациялық орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шара «Оқу сауаттылығы бойынша мәтінді түсіну дағдыларын қалыптастыру үшін оқу және жазу тапсырмаларын тиімді үйлестіру әдістері» тақырыбына арналды.

– Шеберхананың негізгі мақсаты – педагогтердің оқу сауаттылығы бойынша кәсіби құзыреттілігін арттыру, мәтінмен жұмыстың тиімді тәсілдерін таныстыру және білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған тапсырмаларды ұсыну болды. Іс-шараға орыс тілінде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғалімдер қатысты, – делінген хабарламада.

Шара барысында спикерлер мәтінді түсіну дағдыларының жалпы білім беру жүйесіндегі маңыздылығына тоқталды. Олар оқушылардың мәтінмен жұмыс істеу қабілетін дамыту жолдарын, сондай-ақ функционалдық сауаттылықты арттырудағы жасанды интеллектің мүмкіндіктерін талқылады. Бұдан бөлек, жазылым тапсырмаларының тиімділігі ерекше атап өтілді.

Іс-шара соңында қатысушылар рефлексия жасап, ұсынылған әдістердің тәжірибеде қолдану мүмкіндіктерін талқылады. Оқу мен жазу интеграциясы мұғалімдерге мәтінді терең түсінуді қалыптастыруға бағытталған тапсырмаларды тиімді құрастыруға жол ашатыны айтылды. Шеберханада ұсынылған әдістер білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға және сабақтарды жаңаша ұйымдастыруға мүмкіндік береді.