Павлодарлық университет баянауылдық алты мектеп түлегіне білім грантын табыстады
Баянауыл ауданы әкімдігі мен Инновациялық Еуразия университеті арасында екіжақты меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл ауданы əкімдігінің мәліметінше, Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Ксентаев Инновациялық Еуразия университетінің ректоры Гүлвира Мұсабековамен кездесу ұйымдастырып, аталмыш білім ордасының жаңа іске қосылған «Жарқын келешек» атты бағдарламасымен танысты.
Ректор жоғары оқу орнындағы мамандықтарды таныстырып, студенттерге арналған барша қолжетімділікті баяндады.
– Біз талантты ауыл жастарын қолдауға дайынбыз, – дейді Гүлвира Айдарханқызы.
Оның айтуынша, университетте бағдарлама аясында ауыл жастарына тегін оқуға мүмкіндік беріледі. Диплом алған маман туған ауданында жұмыс істеуге міндетті. Білім беру гранты толық оқу кезеңін қамтиды.
Нәтижесінде, баянауылдық алты түлек аталған жоғарғы оқу орнында тегін оқуға мүмкіндік алады.
– Өңірдегі жетекші жоғарғы оқу орны жақсы ұсыныспен келді. Бұл – жастарға жақсы мүмкіндік болса, аудан үшін жағымды жаңалық. Бағдарлама нәтижесінде біз ауданға білікті мамандар тартып, елдің дамуы бағытында жұмыс жасауына жол ашамыз, – дейді Баянауыл ауданы әкімі Ардақ Ксентаев.
Аталмыш білім гранты «Экология», «Ақпараттық жүйелер», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау», «Органикалық заттардың химиялық технологиясы», «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы», «Тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану», «Ветеринариялық санитария», «Аударма ісі», «Филология», «Психология», «Робототехникалық жүйелер», «Машина жасау», «Жылу энергетикасы, «Автоматтандыру және робототехника», «Кәсіпорындардың, ұйымдар мен мекемелердің электр жабдықтары және электр шаруашылығы», «Металлургия», «Электр энергетикасы» мамандықтары бойынша бөлінеді. Сондай-ақ, білім алушылар ИнЕУ-нің академиялық стандарттарын сақтауы керек және толық оқу курсынан сәтті өтуге міндетті. Академиялық стандарттарды бұзу қаржылық қолдауды тоқтатуға себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар, білім алушылар қоғамдық өмірге, ИнЕУ еріктілер жобаларына белсенді қатысуы шарт.
Еске салайық, ИнЕУ білім беру грантын алу конкурсына қатысу үшін үміткерлер ЖОО-ның қабылдау комиссиясына жүгініп, 2024 жылғы 15-24 тамыз аралығында Ломов көшесі, 45 мекенжайы бойынша оқу орнына түсу үшін құжаттарды тапсыруы қажет.
Айта кетейік, баянауылдық грант иегерлері комиссия шешімімен анықталады.