Павлодар облысының дарынды оқушыларына ерекше жазғы тарту жасалды
Олимпиада мен байқау жеңімпаздары тегін лагерьде демалып, Алматыға саяхаттады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, «Жолдама сыйла» қайырымдылық акциясы аясында Железин ауданынан облыстық және республикалық олимпиадалардың, шығармашылық байқаулар мен спорттық жарыстардың жеңімпазы атанған 10 оқушы Gorki ISLAND Summer Camp 2026 жазғы лагерінде 10 күн тегін тынықты.
Жоба «Geocona Group» ЖШС-нің демеушілік қолдауымен жүзеге асқан.
Лагерь бағдарламасына спорттық жарыстар, шығармашылық және танымдық іс-шаралар енгізіліп, балалар жаңа достар тауып, жарқын әсерге бөленді.
Сапар мұнымен аяқталған жоқ. Кейін «Geocona Group» ЖШС-нің басшысы Қуат Байтусов дарынды оқушыларға Алматы қаласына экскурсия сыйлады. Олар Іле Алатауының табиғатын тамашалап, Көктөбеге көтеріліп, мегаполистің көрікті жерлерін аралады.
Железин ауданының білім бөлімі «Geocona Group» ЖШС-не және оның басшысы Қуат Байтусовқа ауданның дарынды балаларына қолдау көрсетіп, олардың жазғы демалысын мазмұнды өткізуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.