Жасанды интеллект: Павлодарда мұғалімдерге сабаққа дайындалу оңайырақ болады

Жасанды интеллект: Павлодарда мұғалімдерге сабаққа дайындалу оңайырақ болады

Енді ұстаздарға күн сайын сабақ жоспарын дайындаудың қажеті жоқ. Жұмыстың бір бөлігін чат-бот атқарады. 

@Pavlodarnews.kz тілшісі кімнің жасанды интеллектпен байланыс орнатқанын және оның алгоритмі қандай екенін анықтап көрді. 

Чат көмекшісін Ахмет Байтұрсынов атындағы инновациялық мектептің мұғалімдері пайдаланады.  Құрастырушы – директорының орынбасары, тарихшы Әсет Серікбаев.

Оның айтуынша, ол ChatGPT жасанды интеллектісі бар  танымал чат-боттан шабыттанған. Әсет Серікбаев жүктеп алуды қажет етпейтін, пайдаланушыларға жарнамаларды қарауға немесе оған ақы  талап етпейтін қолданбаны жасап шығаруды шешкен.

 – Чат-ботымыз Telegram-да орналасқан. Онымен жұмыс енді ғана басталып жатыр. Ақпарат ашық көздерден чатқа жүктеледі. Бот оны жинап, біріктіріп құрылымдайды. Жасанды интеллект чаттың жұмысына көмектеседі. Барлық қажетті презентациялар, бейне сабақтар, файлдар сабақтың тақырыптарына сәйкес жинақталып, таратылады, –  деп түсіндірді Әсет Серікбаев.

Оның ойынша, чат-ботпен кез келген жастағы мұғалімдер жұмыс істей алады. Ол үшін Telegram-ға өтіп, ботты ашып, «Сабаққа дайындалу» түймесін басу жеткілікті.

 – Келесі кезекте өздеріне қажетті сыныпты, тоқсанды және тақырыпты таңдайды. Таңдау жасалғаннан кейін бот бірден дайын презентацияларды, бейне сабақтар мен pdf форматтағы материалдарды ұсынады. Сұрақты хабарлама ретінде де жазып, бірден жауап алуға болады. Бұл өте ыңғайлы, –  дейді ол.

Қосымшаны дайындауға шамамен екі апта кеткен.

– Ақпаратты жинауға және алгоритмді құрастыруға көбірек уақыт кетті. Мен алдымен чатты өз сабағым бойынша қолданып көрдім. Кейіннен басқа мұғалімдер өз пәндерімен чатта бөлім құруды өтініп, маған хабарласа бастады, – дейді Әсет Серікбаев.

Оқушылар да бағдарламаны пайдалана алады. Бірақ Әсеттің басты мақсаты – жас ұстаздарға көмектесу.

– Мен өзім мектепке жұмысқа келгенде бірқатар қиыншылықтарға тап болдым. Әр сабаққа күнделікті шексіз дайындық та қиындық тудырды. Өкінішке орай, ол кезде университеттер студенттерді мектеп ортасына дайындамаған еді. Біз жұмысқа еш бір тәжірибесіз келдік. Оқу мен жұмыста үлкен айырмашылық болды. Бізді сабаққа күнтізбелік-әдістемелік және қысқа мерзімді жоспар құруды үйреткен жоқ, – деп директордың орынбасары өз тәжірибесімен бөлісті.

Әзірге мұндай чат-бот облыс орталығындағы бір мектепте ғана жұмыс істейді. Әсет Серікбаев барлық пәндер бойынша оқу бағдарламасын енгізуді жоспарлап отыр.

Фото: Константин Шелков

Әсия Серікова