Павлодарлық пластикалық хирург жиі жасалатын ота түрлері туралы айтты

Павлодарлық пластикалық хирург жиі жасалатын ота түрлері туралы айтты
Фото: Константин Шелков

Емханада кейбір операциялар тегін жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі «Павлодар облысының кәсіпкерлері үшін мемлекеттік қолдау» атты өткізген көшпелі баспасөз турында «GL Clinic»  жеке клиникасының басшысы Леонид Глухов мәлім етті. 

Ол Семей медициналық академиясының «Емдеу ісі» мамандығы бойынша дипломын алып, интернатураны Семей облыстық клиникалық ауруханасының базасында «Хирургия» мамандығы бойынша тәмамдаған. 15 жыл көлемінде теміржол ауруханасында хирург қызметін атқарып, кейін «Даму» қоры арқылы өзінің «GL Clinic» атты жеке клиникасын ашқан. 

– Біз бұл мекемені 2023 жылы ашқан болатынбыз. Пластикалық хирургиямен айналысамыз. Жалпы операцияны өзім жасаймын, көмекшілерім де бар. Әзірге штатта жеті адам қызмет атқарады. МӘМС шеңберінде онкологиялық аурудан кейін операцияларды тегін жасаймыз, – дейді  Леонид Глухов. 

Ақ желеңдінің айтуынша, науқастар тек облыс аумағынан ғана емес, өзге қалалар мен мемлекеттерден де келеді. 

– Аз ғана уақыт ішінде Германия, Еуропа, Канада, Америка, Корея және ТМД елдерінен науқастар келіп үлгерді. Көбінесе блефаропластика, маммопластика, абдоминопластика үшін келеді. Бұл мекемеде шамамен 30-ға жуық операция жасалды, – дейді Леонид Глухов. 

Айта кету керек, «GL Clinic» ЖК мемлекеттік қолдаудың көмегімен банктік займын қайта қаржыландырып, 60 миллион теңге сомасына медициналық құрал-жабдық сатып алған. Сонымен қатар, «ForteBank» АҚ-нан ғимаратты жөндеуге 70 миллион теңгеге несие алды.

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында «Даму» қорында «Бірыңғай кешенді бағдарлама», «2021-2025 жылдар аралығында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» бойынша мемлекеттік қолдау  шеңберінде жалпы сомасы 28,3 миллиард теңге болатын 140 жаңа жоба бойынша субсидиялау келісімшарттарына қол қойылды.