Баянауылда 100 шақырымға жуық жол жөнделіп жатыр

Баянауылда 100 шақырымға жуық жол жөнделіп жатыр
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жаңартулар көбіне ауылішілік жолдарда жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов жуырда Баянауыл ауданына арнайы іс-сапармен барды. Сапар барысында аудан аумағында жүрізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Бүгінгі күні бірнеше маңызды жол жөндеу жобалары белсенді жүргізілуде.

— Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ботақара бағытындағы республикалық маңызы бар автожолдың 68 шақырымын құрайтын жолда орташа жөндеу жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Ал аудандық маңызы бар Қарашат – Новая Жайма бағытында орташа жөндеу жұмыстары басталды. Қаратомар ауылына апаратын 25,5 шақырым жолда «Екібастұзтеплоэнергомонтаж» ЖШС жұмыстар атқаруда, - деді Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Ксентаев.

Елді мекенде ауылішілік жолдарды орташа жөндеу жұмысы да ерекше қарқын алған. Мәселен, Шонай ауылында ұзындығы 2,3 км болатын ішкі жолдарда жөндеу жүргізілуде. Ал Баянауыл ауылында Сәтбаев, Бектұров, Бекмаханов және Абай көшелерін қамтитын 5 км жолға орташа жөндеу жүріп жатса, Майқайың кентінде 1,6 км жол күрделі жөндеуден өтуде.

— Жолдардың сапалы салынуы — ауданымыздың дамуы мен тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатқан басты қадам. Ауданымыздың жол инфрақұрылымын жақсарту, көлік қатынасын қауіпсіз әрі жайлы ету бағытындағы ауқымды жұмыстар толықтай менің жеке бақылауымда болады, - деді аудан әкімі.

Барлық мердігер мекемелерге жұмыстың сапасы мен белгіленген мерзімдерді қатаң сақтау тапсырылды.