Павлодар облысында алты колледждің жағдайы жақсара түседі
Өңірімізде 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылын өткізуге арналған облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова Іnstagram парақшасында хабарлады.
– Білім саласы қызметкерлерінің 2025 жылға ауқымды жоспарлары бар, себебі биылғы жыл еңбек адамдарына арналады. Облыс әкімдігі жанынан Жұмысшы мамандықтар жылын үйлестіру және бақылау жөніндегі жұмыс тобы құрылды, – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол Павлодар облысы – кәсіпорындар үшін білікті мамандар дайындайтын көптеген оқу орындар мекеніне айналған индустриалды өңір екенін атап өтті.
– Өз тарапымыздан біз колледждерді макроөңірлерге бөлу идеясын қолдаймыз, мұндай шара ресурстарды тиімдірек бөлу мен білім беру бағдарламаларын нақты аймақтардың қажеттіліктеріне қарай бейімдеуге көмектеседі. Орталық шығыс макроөңір, соның ішінде Павлодар қаласы сұранысқа ие болған салаларда мамандарды даярлауға мүмкіндіктер беретін қайта индустрияландыруға баса назар аудара алады, – деді Айгүл Мәлікова.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын қаржыландыруды айтарлықтай арттыру туралы министрліктің шешімі – осы салаға білдіріп жатқан қолдаулардың бірі. Бір студентке жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемін 437 мың теңгеден 912 мың теңгеге дейін арттыру білім сапасы мен оқу орындарының инфрақұрылымын барынша жақсартуға мүмкіндік береді.
– Жоғары қаржылық ресурстар колледждердің жабдықтарын жаңартуға, материалдық-техникалық базаны жақсартуға, білікті оқытушыларды тартуға және ең алдымен білім алу үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ еңбек нарығының талаптарына сәйкес келетін жаңа мамандықтар мен бағдарламаларды игеруге де ықпал өте зор, – деді Айгүл Мәлікова.
Жүктелген міндеттерді іске асыру мақсатында келесі жүйелі шаралар қарастырылып енгізу жоспарланып отыр:
- жеке меншік инвестицияларды тарту арқылы алты колледждің материалдық-техникалық базасын нығайту;
- колледждерді жаңарту және қайта құру;
- жалпы орта білім беру ұйымдарында 50 профильді сыныпты іске қосу;
- нысаналы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылар санын екі мыңға дейін арттыру;
- шетелдік серіктестерді тарта отырып, бес колледжді халықаралық аккредиттеуден өткізу;
- әлеуметтік серіктестіктердің қолдауымен төрт құзыреттілік орталығын құру.
Бұдан бөлек, облыста жұмысшы мамандықтарға арналған «Мамандық Fest» форумы өтеді. Сондай-ақ өңір тұрғындары жұмысшы мамандықтар беделін дәріптеу мен арттыруға бағытталған түрлі кездесулер мен іс-шараларға қатысады.