Павлодарлық прокурорлар 6 мыңға жуық кәсіпкердің құқықтарын қорғады
Павлодар қаласының прокуратурасымен кәсіпкерлік саласындағы заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР ІІМ мәліметінше, талдау барысында бөлшек сауда саласындағы бизнес субъектілерінің құқықтарына нұқсан келтіру және олардың заңды кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруын заңсыз шектеу фактілері анықталды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 4-тармағына сәйкес әркімнің кәсіпкерлік қызмет бостандығына, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар. Алайда, жергілікті атқарушы органмен қала аумағында стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын айқындау кезінде ішкі сауда қағидаларында көрсетілген барлық талаптар ескерілмеген
- Мысалы, Торайғыров көшесінде «Sulpak» дүкеніне қарама-қарсы жалпы ауданы 60 м2 аумақта тек саяжай және жеміс-көкөніс өнімдерін сатуға рұқсат етіледі. Бұл ретте жақын маңдағы «Отау» сауда үйінде әртүрлі тектес тауарлар (азық-түлік, азық-түлік емес, тұрмыстық және т.б.) сатылады. Осылайша, аталған жерде басқа тауарлардың бөлшек саудасына кәсіпкерлік қызмет шектелген, - деп жазылған хабарламада.
Сол сияқты тағы төрт стационарлық емес сауда орны жақын маңдағы инфрақұрылымды есепке алмастан бекітілген. Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы орган анықталған заң бұзушылықтарды ескере отырып, жаңа қаулы қабылдады және 3 700-ден астам бизнес субъектісінің кедергісіз бөлшек сауданы жүзеге асыру құқықтары қорғалды.
Бүгінгі таңда прокурорлық ден қою шараларымен барлығы 6 мыңға жуық кәсіпкердің құқықтары қорғалған.