Павлодар облысында құқық бұзушылық азайып, цифрлық қылмыс күшейді

Павлодар облысында құқық бұзушылық азайып, цифрлық қылмыс күшейді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңір тұрғындарына келтірген жалпы материалдық шығын 4,5 миллиард теңгеге жеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов  2025 жылы Павлодар облысындағы жедел жағдай жалпы алғанда бақылауда болғанымен, бірқатар бағыттар бойынша күрделі күйінде қалғанын мәлім етті. Өңірде жалпы құқық бұзушылықтар саны азайып, қоғамдық орындардағы, тұрмыстық және көше қылмыстарының төмендеуі байқалды. Алайда ауыр және аса ауыр қылмыстардың өсуі, зорлық-зомбылыққа байланысты құқық бұзушылықтардың көбеюі және интернет-алаяқтықтың күрт артуы негізгі қауіп ретінде сақталып отыр.

Қылмыстың сипаты да айтарлықтай өзгерген. Егер бұрын қылмыстар негізінен аулалар мен көшелерде жасалса, бүгінде олар телефон қоңыраулары, мессенджерлер және банк қосымшалары арқылы жүзеге асуда.

– Жылдың ең өзекті қатеріне айналған қылмыс түрі – алаяқтық болды. 2025 жылы алаяқтық қылмыстарының өсімі 30 пайызды құраса, интернет-алаяқтық 50 пайыздан асты. Алаяқтардың Павлодар облысы тұрғындарына келтірген жалпы материалдық шығыны 4,5 миллиард теңгеге жетті, – деді Болат Нұрсейітов.

Қазіргі таңда қылмыскерге тек телефон мен интернет жеткілікті. Олар психологиялық қысым көрсету арқылы азаматтарды қорқытып, қаржылық әрекеттер жасауға мәжбүрлейді. «Банк қызметкері», «полиция», «қауіпсіздік қызметі» немесе «туысқандар» атынан қоңырау шалу – ең кең таралған алаяқтық схемалардың біріне айналған.

– Қазір интернет-алаяқтықтың түрлері өте көп. Біз жаңа схемалар мен алаяқтық әдістерін үнемі әлеуметтік желілерде, ресми парақшаларымызда жариялап отырамыз. Кейбір жәбірленушілер видеобайланысқа мемлекеттік рәміздер бейнеленген формалы «қызметкер» шыққанын айтады. Болжам бойынша, бұл нейрожелілер арқылы жасалған болуы мүмкін, – деді ол.

Маманның айтуынша, интернет-алаяқтықтың күрделілігі – оның көбіне кеш анықталуында. Жәбірленушілер кейде бірнеше ай бойы төлем жасап, тек уақыт өткен соң ғана алданып қалғанын түсінеді. Осы себепті бұл санаттағы қылмыстарға жедел әрекет ету әрдайым мүмкін бола бермейді.

2025 жылы интернет-алаяқтықпен күрес бағытында бірқатар заңнамалық өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, дропперлердің жауапкершілігі күшейтілді. Сонымен қатар полицияның материалдық-техникалық базасы нығайтылып, арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету сатып алынды. Бұл киберполицияның жұмысын едәуір жеңілдетті.

– 2025 жылы анықталған дропперлердің саны 2024 жылмен салыстырғанда едәуір артты. Бұл тергеу әдістерінің жетілдірілуімен және жаңа бағдарламалық мүмкіндіктердің енгізілуімен тікелей байланысты. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады, – деді Болат Нұрсейітов.

Құқық қорғау органдары интернет-алаяқтыққа қарсы күресте аналитикалық жұмысты күшейтіп, банктермен өзара іс-қимылды арттырды. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы профилактикалық түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, алаяқтықтан қорғанудың басты жолы – азаматтардың сақтығы мен хабардарлығы. Полиция немесе банк қызметкерлері ешқашан телефон арқылы кодтар мен ақша аударымдарын талап етпейді.

Павлодар облысының полициясы өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмысын жалғастыруда. 2026 жылға арналған басым бағыттар қатарында интернет-алаяқтықпен күрес, зорлық-зомбылық қылмыстарының алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қорғау, жол-көлік оқиғаларын азайту және халықпен ашық диалог орнату бар.