Павлодардағы университетте ұлттардың дәстүрлері бойынша байқау өтті
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеуге арналған «Бір шаңырақ астында» байқау-фестивалін ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Байқауға Марғұлан университетінің барлық білім беру бағдарламалары бойынша студенттер қатысып, 15-тен астам этностың салт-дәстүрін, ұлттық тағамдарын, киімдерін көрсетті.
- Байқауға қатысушыларды қатаң, бірақ әділ қазылар алқасы бағалады, оның құрамына шешен-ингуш этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Шамиль Джабраилов, армян мәдени орталығы төрағасының орынбасары Сусанна Аракелян, аймақтық грек ұлттық мәдени орталығы төрайымы Людмила Ифандопуло, - деді ЖОО баспасөз қызметінде.
Байқау-фестиваль қорытындысы бойынша Гран-приді мексика ұлтының өкілдері жеңіп алды. Бірінші орынды түрік ұлтының өкілдері иеленді. Екінші орынды қазақ және татар ұлтының өкілдері, үшінші орынды моңғол, үнді және араб ұлтының өкілдері бөлісті.
Жеңімпаздар университет басшылығының дипломдарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.