Павлодарлық психорталықта мемлекеттік сатып алулар бойынша бұзушылықтар табылды
Тауарлардың сипаттамалары «WhatsApp» қосымшасы арқылы келісілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, «Константиновский арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету психоневрологиялық орталығы» КМУ қамқорлығындағы адамдарға жұмсақ құрал-жабдықтарды, киім-кешек пен аяқ киімдерді жеткізу үшін жеткізушілермен 40 лот бойынша шарттар жасаған.
– Техникалық ерекшелігінде тауарлардың сипаттамаларын «WhatsApp» қосымшасы арқылы келісу керек екені көрсетілген, бұндайға жол берілмеуі тиіс, – деді прокуратурада.
Облыстың басқа да мемлекеттік мекемелерінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының (38-бабы 2-тармағы) талаптарына қарамастан, 7 сатып алу бойынша жеке әлеуетті өнім берушіге тиесілігін көрсететін тауардың фирмалық атаулары заңсыз көрсетілген.
Кінәлі лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тағы бір жағдайда бюджеттің тиімсіз жұмсалуы тоқтатылды.
– Прокуратураның ұсынуы бойынша Павлодар қаласындағы Ертіс өзенінің теміржол көпірін жарықтандыруға мемлекеттік сатып алудың күші жойылды, жарияланған сома 150 миллион теңгені құрады. Тапсырыс беруші балансында теміржол көпірі бар «ҚТЖ» АҚ филиалының орнына Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі болған, – дейді баспасөз орталығында.
Ақшалай қаражат автожолдарды жөндеуге қайта бөлінді.
Кінәлі тұлға жауапқа тартылды.