Павлодарлық суретшінің мерейтойына орай көрме ашылады

Павлодарлық суретшінің мерейтойына орай көрме ашылады
Фото:pixabay.com

Экспозицияда оның қырыққа жуық туындылары көрсетіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

23 қарашада Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде павлодарлық суретші Павел Лысенконың 95 жылдығына орай еске алу көрмесінің ашылуы өтеді. Көрмеге музей қорында сақталған суретшінің 40-қа жуық  шығармашылық туындысы қойылады. 

Павел Лысенко 1928 жылы Алтай өлкесінің Селиверстов ауылында дүниеге келген. Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін тәмамдады. Ұстаздарының бірі - профессор Абрам Черкасский болды. 1968 жылдан бастап  ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ал 2011 жылдан бастап ҚР Көркемөнер Академиясының Академигі, 2014 жылы ҚР «Құрмет» орденімен марапатталған.

1956 жылдан бастап Алматыдағы Қазақ бейнелеу өнері шеберханасында еңбек етіп, 1958 жылы қызметтік жұмыстармен Қарағанды қаласына жіберіледі. Павел Лысенко Павлодар қаласына  1978 жылдан бері қоныс аударып, шығармашылықпен айналысқан болатын. Ол қаламыздың алғашқы көркемсурет мектебінің ашылуына атсалысты. 1979-1985 жылдары арасында өнеркәсіп орындарында суретші-безендіруші болып, мектеп-студияларында сабақ берді, қаламыздың мектептерінде бейнелеу өнері мұғалімдеріне семинарлар жүргізіп, білімімен бөліскен. 1979 - 1981 жылдары арасында Павлодар қаласының көркемөнер өндірістік шеберханаларының көркемсурет кеңесінің басқарушысы, кейінгі жылдары оның белсенді қатысушысы болды. Кескіндеме өнерінің шебері өмірінің жарты ғасырдан астам уақытын бейнелеу өнеріне арнап, республикалық, облыстық, аймақтық көрмелерінің белсенді қатысушысы болған.

Оның шығармашылық туындылары Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде Павлодар облыстық көркемсурет музейінде, Қостанай қаласының көрме залында, отандық және шетелдік жеке жинақтарында сақтаулы.