Павлодарлықтар Абайдың тұғырлы мұрасын заманауи әдебиет арқылы насихаттайды

Тұрғындар шығармаларды оқып, жүлделер ұта алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясы «Ұлы дала» байқауын жариялады. Абайдың 180 жылдығына арналған шығармашылық байқауға қатысуға павлодарлық жастар да шақырылады.
Мақсат – жастарды еңбекке, білімге, рухани ізденіске үндеген Абайдың тұғырлы мұрасын заманауи әдебиет арқылы насихаттау. Сонымен қатар, «Жұмысшы мамандықтары жылына» орай еңбек тақырыбы да өзек болмақ.
Үміткерлер проза, поэзия, драматургия, әдеби сын, балаларға арналған шығарма секілді бес аталым бойынша бақ сынай алады. Бұдан өзге «Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы», «Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы» және «Алаш аманаты» бағыттары бойынша арнайы жүлделер де белгіленген.
– Бұл байқау – әдебиеттің жас буынына дем беріп, ұлт руханиятына серпін сыйлайтын маңызды алаң. Абайдың «толық адам» концепциясы – бүгінгі қоғамға қажетті іргелі ұстанымдардың бірі, – дейді ұйымдастырушылар.
Шығармалар 1 шілде мен 30 қазан аралығында қабылданады. Ал қатысушылардың туындылары арнайы бүркеншік атпен aikyn.kz сайтындағы «Ұлы дала» айдарында күнделікті жарияланып отырады. Байқау нәтижесі Тәуелсіздік күніне орай қорытындыланып, жеңімпаздар Астанада марапатталады.
Айта кетейік, әдеби бәйгеге 18 бен 45 жас аралығындағы қаламгерлер қатыса алады. Өткен жылы байқау Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналса, биыл Абай рухын арқау етеді.