Павлодарлық театр жаңа маусымын қандай қойылымдардан бастайды?

Павлодарлық театр жаңа маусымын қандай қойылымдардан бастайды?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазанда өнер сүйер қауымды тоғыз қойылым күтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры алдағы айдың репертуарын ұсынды.

2 және 15 қазан күндері театр ұжымы Май, Ертіс, Ақтоғай аудандарына гастрольдік сапармен шығады. Олар ауыл тұрғындары үшін «Күзгі оқиға» трагикомедиясын ұсынбақ. 

Оқиға желісі бойынша екі қарт адам, Бока мен Палья кездейсоқ кездесіп, әңгіме-дүкен құрады, жаңа ғана танысса да, ойлары да, мұңдары да бір болып шығады. Өмірлерінің кейінгі кездері айналасындағы адамдарды түсінуден қалғандарын, олар да бұлардың бар-жоғын елеп жатқан жоқтығын өкінішпен мойындайды. Әбден түңілген екі қарт барлығын тастап, бөтен жаққа кетпек болады. Олар балаша жоспар құрады, керек – жарақтарын жинастырады, алайда жоспарлары іске аспай қалады.

«Ауылдағы демалыс» ертегісі

7 қазанда сағат 12:00 және 13:30-да және 29 қазанда сағат 11:00-де.

Бүлдіршіндерге арналған «Ауылдағы демалыс» спектаклі ауылдың өмірі мал өсірумен байланысты, таңертең ерте тұру, таза ауада еңбек ету көрінісі туралы баяндайды. 

«Ерте ояндым, ойландым... (жас Абай)» трагедия

8 қазан сағат 16:00-де.

 «Ерте ояндым, ойландым…» — ұлы ақын Абай Құнанбайұлының рухани оянысы мен халқының қамын жеген терең ойларын бейнелейтін театрлық қойылым. Бұл спектакльде жас Абайдың жүрегін мазалаған сұрақтар, ел ішіндегі надандық пен жалқаулыққа қарсы ішкі күресі, әділет пен білім жолындағы ізденісі көркем сахналық образдар арқылы өріледі.

Авторы –  Мұхтар Әуезов, режиссері – Әділет Ақанов.

«Алғашқы махаббат» комедиясы

10 қазан сағат 18:30-да

Бұл – қызығы мен мұңы аралас албырт кезеңдегі аяулы сезім. Алғашқы махаббат, албырт сезім, бұл – партадан басталатыны белгілі. Ал алғашқы сезімі ұстазына оянып, өзінен әлдеқайда үлкен қызға ғашық болған бозбала жайлы естіп пе едіңіз? Махаббат мұңы мен наз аралас қойылымның соңы немен аяқталарын білгіңіз келсе, қойылымға келіңіз.

Авторы –  Қанат Жүнісов, режиссері – Жангелді Садықов.

Премьера «Мұғалім» әлеуметтік драма

21, 22 қазан сағат 18:30

Мұғалім тағдыры арқылы біз адалдық пен мейірімнің, арман мен үміттің, жауапкершілік пен жанқиярлықтың сырын ұғынамыз. Бұл қойылым мұғалім, оқушы және ата-ана арасындағы мәселелердің шешімін табуға жол бастайды.

Авторы – Қолғанат Мұрат, режиссері: Әділет Ақанов. 

Республика күніне орай «Оян, қазақ...Ойлан, қазақ!» драмасы

25 қазан сағат 17:00.

Тәуелсіздікті арман еткен қазақтың аяулы азаматтары, Алаш партиясының көсемдері Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсыновтардың  Сталин саясатын жүргізуші, елді қырғынға ұшыратқан Голощекинмен күресі баяндалады.Туған елінің тәуелсіздігін, халқының бостандығын саудалаған сатқын жауыздар да өз арамыздан шығатыны көрсетіледі.

Авторы – Ерсайын Төлеубай, режиссері – Жанат Хаджиев.

«Бір түп алма ағашы» драмасы

 28 қазан сағат 16:00-де

Бір отбасының балалары өсіп-өніп, өмірдің талабымен жан-жаққа тарап кетеді. Соған қарамай бір бірімен араласып, ағайындар тату болады. Ауылда аналары Дәметкен мен кіші інілері Мақсат тұрып жатқан туған үйлеріне ылғи да келіп тұрады. Бірақ соңғы кездері аналарына келулері сиреп, өзара қатынас та өзгере бастайды. Мұны әрбіреуінің өмірде алған орындарымен, жеткен жетістіктерімен байланысты деуге әбден болады.

Авторы – Әлімбек Оразбеков, режиссері – Ержан Қауланов.

«Есіңе мені алғайсың» музыкалық-поэтикалық кеш

31 қазан сағат 18:00-де.

Оқиға ақынның тағдырында көрген қиыншылықтары мен қайғыларының желісінде өрбиді. Ғасырында біртуар тұлға, Хан-Тәңірінің мұзбалағы Мұқағали бейнесі халықтың жүрегінен кеңінен орын алып, сыршыл да сұлу поэзиясы ауыздан-ауызға жатталып қалды.

Кеште ақынның сөзіне жазылған «Ана, сен бақыттысың», «Күрең күз», «Құмған алған», «Мен деп ойла», «Қазағым-ай», «Сарыжайлау», «Отан», «Қарасазым-ай», «Есіңе мені алғайсың», т.б.әндері шырқалады. 

Авторы – Мұқағали Мақатаев, режиссері – Ержан Қауланов.