Павлодарлық жас өнерпаздар Сұлтанмахмұттың «Алаш ұраны» өлеңін жаңғыртты

Павлодарлық жас өнерпаздар Сұлтанмахмұттың «Алаш ұраны» өлеңін жаңғыртты
Фото: білім басқармасынан

Қазақстан Республикасы күні қарсаңында өңірдегі өнерлі өрендер бірігіп, Ибрагим Ескендірдің «Байрақ» әнін орындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл ауқымды шығармашылық жобаға музыкалық колледж студенттері мен музыкалық мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері белсене қатысты. Қатысушылардың жас ерекшелігі де сан алуан. Олардың қатарында музыкалық мектеп-интернаттың 5-сынып оқушыларынан бастап, музыкалық колледждің 4-курс студенттеріне дейінгі жас өнерпаздар бар.

Музыкалық туындыны «Ер намысы» тобының солистері мен кешеннің біріккен хоры орындады. Орындаушылар ән арқылы туған елге деген сүйіспеншілікті, ұлттық мақтаныш пен Қазақстанның болашағына деген сенімді жеткізуді мақсат еткен.

Әннің сөзі Павлодар өңірінің тумасы, көрнекті ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Алаш ұраны» өлеңінен алынған. Ал музыканың авторы – қазақстандық орындаушы Ибрагим Ескендір. Осылайша, ақынның рухты жыры заманауи әуенмен үндесіп, жас ұрпақты отансүйгіштікке үндейді.

Шығармашылық жобаның ерекше көріністерінің бірі – домбырашылар бейнелеген күн символы. Ол өмір мен үмітті, жарық пен ұрпақтар сабақтастығын білдіріп, тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағына деген сенімді бейнелейді. Бастама «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарын насихаттауға, жастардың бойында азаматтық жауапкершілік пен ұлттық мұраға деген құрметті қалыптастыруға бағытталған.

– «Байрақ» әніне бейнеролик түсіруді музыкалық кешеннің басшысы Серік Қасымханұлы Сыздықов ұсынды. Жобаның басты мақсаты – бұл шығарманың жастар арасында кеңінен танылып, олардың бойында отансүйгіштік сезімін оятып, елге деген мақтаныш пен ұлттық рухты дәріптейтін жастардың әнұранына айналуы, – дейді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Нұрайым Ұзақбай.

Атаулы күн аясында «Байрақ» әнінің орындалуы да тегін емес. Бұл – ұлттық өнер мен патриоттық рухты тоғыстырған шығармашылық бастама. Мұндай жобалар жас ұрпақтың ел тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттырып, ортақ құндылықтар төңірегінде бірігуіне ықпал етеді.

Айта кетелік, аталмыш туындының жарық көруіне 150-ге жуық жас өнерпаз атсалысты. Ал бейнероликті түсіруге бір айға жуық уақыт кеткен.