Павлодарлық оқушылар халықаралық олимпиададан жүлделі оралды
Облысымыздың намысын жеті оқушы қорғады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Алматыда өткен математика, физика және информатика пәндері бойынша 20-шы халықаралық Жәутіков олимпиадасы аяқталды. Олимпиада алғаш рет 2005 жылы өткізілді. Сол кезден бастап білімді дода дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
Биыл олимпиадаға Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Грузия, Сербия, Болгария, Румыния және Үндістан сынды әлемінің 14 елінен 55 команда, 600-ге жуық оқушы қатысты.
Павлодар облысының атынан жеті оқушыдан құралған № 8 лицей-мектебінің командасы қатысып, бірнеше жүлделі орынға ие болды. Команда құрамындағы оқушылар математика, физика және информатика пәндері бойынша облыстық, республикалық және халықаралық жеңімпаздары.
Олимпиада қорытындысы бойынша математика пәнінен 11-сынып оқушылары Владимир Роговский күміс және Анастасия Одинцова қола медаліне қол жеткізді. Ал физика пәнінен 11-сынып оқушысы Әнуар Ораз жақсы нәтиже көрсетіп, қола медалімен марапатталды.